• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Қыркүйек, 2019

Балуандарымыз бабында екен

406 рет
көрсетілді

Елорда төрінде өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим стилі бойынша сынға түскен балуандар ел қоржынын қос медальмен толтырды.

 Қоржынымызда қос медаль

Соның бірі – еліміз құра­масының мүшесі, 55 кило сал­мақта бақ сынап, аталған чем­пионаттың күміс ме­­­даль иегері болған Қор­лан Жақанша. Бұл ел тәуел­сіз­дігінен кейін қа­зақ ұландары арасынан қол жет­кізген 4-күміс екен. Бұған дейін Бақ­тияр Байсейітов (1995), Ал­­мат Кебіспаев (2011) жә­не өткен жылы Будапешт тө­рінде 59 кило салмақта өнер көрсеткен Мей­рамбек Айна­құлов ие болыпты.

Қорлан балуан 2014 жылы әскерилер арасында әлем чем­пионы атанса, өткен жылы Азия біріншілігінің қола жүл­десін еншілепті. Бұл рет­кі жарыста ол бірінші айна­лымда алжирлік Фергат Аб­дель­карим­ді 11:5 есебімен жеңіп, ширек финалда АҚШ балуаны Ноури Макстан 3:2 ұпаймен басым түсті. Ал жар­тылай финалда өт­кен жылғы әлем чемпионы әзер­­байжандық Эльдениз Азиз­лиді 11:5 есебімен ойс­ыра­та жең­ді. Финалдық белдесуде әлем және Еуропа чем­пио­­на­ты­ның қола жүл­­дегері, грузин балуаны Нуг­зари Цурцумиямен бел­десіп, оған есе жіберді.

Балуанның жеке бапкері Әсет Иманбаевтың айтуын­ша, негізгі дайындықты Э.Азиз­лиге қарсы жасаған екен. Бұл нәтижесін берді. Бірақ грузин жігітіне қарсы бел­десуде шәкіртім тым асы­ғыстық танытты дейді.

Ал қоржынға түскен екінші медаль, яғни қола жүлде иесі 63 килода бақ сынаған бұған дейін әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, құрама капитаны Алмат Кебіспаев. Бұл жігіт алғашқы кездесуінде үндістандық С.Сагарды қинал­май жеңді. Екінші айналымда өсіп келе жатқан қытайлық күшті балуан Ербату Туомен жолы түйісті. Бұл жігіт биылғы Азия біріншілігінде атақты балуан, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері өзбекстандық қандасымыз Елмұрат Тасмұра­товтың өзін жеңіп кеткен еді. Бірақ Алмат оны 2:1 есебі­мен ұтты. Үшінші белдесуде әлем біріншілігінің қола жүл­дегері түркиялық Рахман Билижиді 7:4 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Өкініштісі финалдық кезең үшін болған бәсекеде Рио Олимпиадасының күміс жүл­дегері, өткен жылғы Азия ойын­дарының чемпионы жа­пон жігіті Шинобу Ота­дан же­ңіліп, жұбаныш бел­­десуді қа­нағат тұтты. Ал қола медаль үшін бол­ған са­йыста қыр­ғыз­стандық Сәр­сенбековті же­ңіп, жеке өмір тарихында әлем чем­пио­на­тының төртінші ме­далін мойнына тақты.

Екі балуанымыз лицензияға ие болды

Грек-рим күресінен кешегі күні өткен лицензиялық санат­тағы 60 және 77 кило салмақ дәрежесінде белдескен балуандарымыз қуантарлық нәтиже көрсетті.

Әсіресе, жеңіл салмақ дә­ре­жесіне жататын 60 килода өнер көрсеткен Мейрамбек Айнақұлов шу дегенде, Бра­зилия елінің үміті түбі өзі­міздің Тараз тумасы, Панамерика бірін­шілігінің қола жүлдегері 35 жасар сақа балуан Марат Гариповты қиналмай жеңді. Екінші айналымда литвалық Ю. Петраикюсты 4:2 есебімен ұтып, ширек финалдық белдесу бәсекесінде хорватиялық балуан Иван Лизатовикті 10:0 ұпаймен еркін еңсеріп, жарты­лай финалға өтті. Нәти­же­сін­де, біздің балуандар ара­сынан алғашқы болып Олим­пиада ли­цензиясына қол жет­кізді.

Ал 77 кило салмақта кү­рес­кен өткен жылғы Азия бі­ріншілігінің жеңімпазы Асхат Ділмұханбетов бірінші ай­на­лымда чехия балуаны Олдрич Варганы екі минуттың ішінде 9:0  есебімен ұтып, екінші кезекте ресейлік атақ­ты балуан екі дүркін Олим­пиада және әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа же­ңім­пазы Роман Власовпен жолы түйісті. Көпшілік мамандар жеңісті әлдеқашан ресейліктің қанжығасына бай­лап тастағандай еді. Бірақ намысқа тырысқан қазақ баласы атағынан ат үркетін ре­сей­лікті балшықша иеледі. Есеп: 3:0. Осылай жеңіске жет­кен А.Ділмұханбетов жар­тылай финалдық бәсеке үшін Сербия мақтанышы 2017 жы­лы Парижде өткен әлем чем­пио­натының жеңімпазы Виктор Немешпен белдесті. Нәти­же ойдағыдай: күрес тағ­дыры 4:3 есебімен біздің жігіт­тің пайдасына шешілді. Осы­лай қоржынымызға екін­ші Олим­пиада жолдамасы келіп түсті.