Алматы қаласының өрт сөндіру қызметіне түскен дабыл қаланың Жетісу ауданындағы Ратушный көшесі, 84 «А» мекен-жайында орналасқан «Ariba» ЖШС жиһаздар цехынан өрт шыққанын мәлімдеді. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндіру қызметі жалынның тарап кетуінің алдын алып, қаланың барлық су тасу құрылғыларын жұмылдырды.
Жетісу ауданының әкімі Мақсат Кәкімов өрттің 1200 шаршы метр аумақты шарпығанын айтып, цех маңында орналасқан барлық газ құбырлары өшірілгендігін жеткізді. Өрт сөндіру қызметіне 60-қа жуық жеке құрам қатысып, Төтенше жағдайлар департаментінің 20 техникасы жұмылдырылған. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде аумақ полиция қызметінің бақылауында.