Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте түрлі бағыттағы ет кластерлерін дамыту қажет екенін айтты. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Мал шаруашылығын барынша дамытуымыз керек. Бұл – біздің дәстүрлі ата кәсібіміз. Онымен қалай айналысу керек екенін білеміз. Ең бастысы, жұмысты қазіргі заман талабына сай дұрыс жүргізу керек. Түрлі бағыттағы ет кластерлерін дамыту қажет. Атап айтқанда, қой шаруашылығын, сүт өндіруді және құс шаруашылығын өркендетуге тиіспіз. Халықаралық болжам бойынша Азия елдері мен Қытайда табыстың артуына және халық санының көбеюіне байланысты қой еті мен құс етіне деген сұраныс артады. Осындай үрдісті тиімді пайдалануымыз керек. Сүт өнімі мен құс етін өндіруді екі есе арттырсақ, бүгін біз импорттап отырған қосымша 500 миллион доллардың өнімін алуға болады», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.