Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлері бойынша өтіп жатқан әлем чемпионатының грек-рим стиліндегі балуандар белдесуі кеше аяқталды. Олимпиадалық 6 салмақ (60, 67, 77, 87, 97, 130 кило) және лицензиясыз 4 салмақ (55, 63, 72, 82 кило) бойынша бақ сынаған әлем мықтылары 36 жолдаманы сарапқа салды.
Яғни, Ресей, Германия, Өзбекстан, Иран құрамаларының әрбірі үш-үштен лицензияға ие болса, Қазақстан, Куба, Сербия, Венгрия, Армения, Украина, Түркия, Грузия елдерінің әрқайсысына 2 жолдама, Жапония, Мысыр, Дания, Швеция, Қырғызстан, Беларусь, Польша, Эстония республикаларына бір-бірден үлес бұйырды.
Кеше кешкісін жоғарыдағы елімізге бұйырған қос жолдама иесі – Мейрамбек Айнақұлов пен Асхат Ділмұханбетов чемпионаттың қола жүлдесі үшін кілемге шықты.
Бұған дейін екінің бірі қолы жете бермейтін биік меже – 2017 жылы Париж қаласында өткен әлем чемпионаты мен Нью-Делидегі Азия біріншілігінен қос күміс медальға қол жеткізген Мейрамбек алғашқы айналымда Қазақстан тумасы, қазіргі таңда Бразилия атынан өнер көрсетіп жүрген сақа балуан Марат Гариповты қиналмай жеңді. Екінші айналымда литвалық Ю. Петраикюсты 4:2 есебімен ұтып, ширек финалдық белдесу бәсекесінде хорватиялық Лизатовикті 10:0 ұпайымен еркін еңсерді. Бірақ финалдық бәсеке үшін ресейлік спортшы, 2018 жылғы әлем және Еуропа чемпионы Сергей Емелиннен жеңіліп қалды. Ал қола медаль үшін Мейрамбек украиналық балуан, 2018 жылғы әлем біріншілігінде қола медаль иегері атанған Ленур Темировпен белдесудің сәті түсті. Сөйтіп 60 кило салмақ дәрежесінде әлемдік додаға түскен М.Айнақұлов қарсыласын 10:0 есебімен еңсеріп қоржынымызға қола медаль салды.
Ал қола жүлдеге таласатын екінші балуанымыз 77 кило салмақта күрескен өткен жылғы Азия біріншілігінің жеңімпазы Асхат Ділмұханбетов. Ол алғашқы айналымда чех балуаны Олдрич Варганы бар-жоғы екі минуттың ішінде 9:0 есебімен ұтып, екінші кезекте ресейлік атақты балуан екі дүркін Олимпиада және әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа жеңімпазы Роман Власовпен жолы түйісті. Атақты балуанмен қаймықпай күрескен қазақ баласы күрес тактикасын дұрыс үйлестіре білуінің арқасында жеңіске жетті. Есеп 3:0.
Асхат жартылай финалдық бәсекеде Сербия мақтанышы 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Виктор Немешпен белдесті. Нәтижесінде күрес тағдыры 4:3 есебімен біздің жігіттің пайдасына шешілді. Осылай әлемнің екі мықтысын жарыс жолынан шығарған Ділмұханбетов финалдық бәсекеде танымал мажар балуаны, Олимпиаданың күміс жүлдегері, әлем біріншілігінің екі дүркін қола медаль иегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы Тамаш Лоринцтен жеңіліс тапты. Ал жүлделі орын үшін өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовпен күресіп, нәтижесінде қарсыласына 3:1 ұпайымен есе жіберіп 5-орынды қанағат тұтты.
Осылай грек-рим күрес стилі аяқталғаннан кейін әйелдер күресі жалауын көтеріп, 6 лицензиялық салмақ (50, 53, 57, 62, 68, 76 кило) және жолдама берілмейтін 4 салмақ (55, 59, 65, 72 кило) санаттары бойынша белдесу басталды. Жарыстың бірінші күні жерлестеріміз В.Исламова (50 кило), Т.Ахметова (53 кило), М.Седнева (55 кило), Ж.Бақбергенова (72 кило) өнер көрсетті.
Жарыстың алдында әйелдер күресінен еліміздің бас бапкері, Олимпиаданың үш дүркін жүлдегері, Азия ойындарының және Азия чемпионы Гүзел Манюрова, Токиоға жолдама алу оңай болмайтынын айтқан болатын. «Әрине медальдан үміттіміз. Ол үшін балуандарға барлық жағдай жасалды. Ең бастысы, әйелдер күресі бойынша ереже өзгерді. Мұның да әсері бар. Сонымен қатар жаңадан бәсекелес мемлекеттер пайда болып жатыр. Көп дүние жеребеге байланысты. Жеребе сәтті түссе, медаль да болады. Десе де «үйде» күресудің өз артықшылықтары бар» деген болатын Гүзәл Таһирқызы.
Сонымен жоғарыда айтқанымыздай, төрт салмақта белдескен балуан қыздарымыздың арасынан 50 килодағы Марина Седнева мен 72 килодағы Жәмила Бақбергенова қарындасымыз жартылай финалға өтсе де, салмақтары олимпиадалық емес болғандықтан жолдама бұйырмады. Ал 50 кило салмақта еліміз атынан белдескен ресейлік легионер қыз Валентина Исламова бірінші болып лицензияға қол жеткізді. Бірақ бұл қарындасымыз финалдық белдесу үшін болған күресте румыниялық Е.Бучтен 6:6 есебімен ұтылды. Бірақ әлі де болса қола жүлде үшін күресетін мүмкіндігі бар. Сонымен бірге 55 килода белдескен Марина Седнева да жоғарыдағы әріптесінің жолын құшып, финалға өту жолында жапон қызы Н.Ириеге 10:0 есебімен жол берді. Ал 72 килода күрескен Жәмила Бақбергенова ресейлік атақты балуан, Лондон Олимпиадасының чемпионы Наталья Воробьевадан жеңіліп, финалға шығу жолы кесілді.
Қазіргі жағдайда, Қытай Әзербайжан, Румыния, Қазақстан, Солтүстік Корея, Жапония және Грекия қыздарына 8 олимпиадалық жолдама бұйырып тұр. Қалған жолдамалар бүгін және ертең сарапқа салынады.
Суретте: әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Айнақұлов