• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қыркүйек, 2019

Картоп өсірумен даңқы шыққан нарынқолдықтар табысқа кенелуде

413 рет
көрсетілді

Ежелден картоп өсірумен даңқы шыққан Нарынқол өңірінің шаруалары биыл да табысқа кенелуде. Жеке аудан болып құрылғанына жылдан аса уақыт болса да, Райымбек өңірінде осы картап егістігінің көлемі 10 есеге өсіпті. Бұл жергілікті жұрттың жаппай жер еміп, несібесін еңбектен табуға жұмылғанын көрсетеді. Қазір ауылдағы ағайын картоп егістігінің көлемін 700 гектарға ұлғайтып, жиналатын өнімді 380 центнерге дейін жеткізіп отыр.

Райымбек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Оралқұловтың айтуынша, биыл ауданда картоп 6 мың гектарға себіліп, одан 123 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Былтыр облыстық әкімдік көмегімен 240 тонна голландиялық «Санте» және «Агрия» сорттары сатып алынған, сол сорттардың тұқымдары былтыр 70 гектарға себілсе, биыл бұл көрсеткіш 10 есеге өсіп, 700 гектарға жеткізілді. Жаңа тұқымның, жаңа технологияның арқасында өнімділік те артты. Бұрын әр гектарынан 170-180 центнерден картоп алынатын болса, қазір бұл көрсеткіш 380 центнерге жеткен.

Картоп өсірудің табысты болуына аудандағы сервистік дайындау орталықтарының көп көмегі тиіп отыр екен. Соның бірі Текес ауылындағы сервистік дайындау орталығы. Өткен жылы облыс бюджетінен картоп өндірісін дамыту үшін арнайы орталық құрып, техника алуға 500 млн теңге бөлінген болатын. Сол көмектің арқасында 3 СДО жасақталып, 458 млн теңгеге жалпы саны 87 бірлік техника сатып алынған, соның ішінде 21 трактор, 5 комбайн бар. Қалған сомаға алдағы уақытта техникалар тағы да толықтырылатын болады.

Картоптан мол өнім алуға аудандағы  «Өркен» және «Мирас» шаруа қожалықтары қол жеткізіп отыр. Қазір шарулар дайын өнімді өткізудің жолдарын қарастыруда. «Өркен» шаруа қожалығның басшысы Талғат Нүсіпқожаевтың айтуынша, «Санте» сортын өңдеуге чипсы шығаратын кәсіпорынмен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен бірге осы ауданда картопты өңдеп, крахмал дайындайтын зауыт ашуға ұсыныс түскені және оны жүзеге асырудың мүмкіндіктері қарастырылып жатқаны айтады. Яғни, шикізатты мол әрі сапалы өндіретін аймақтық өңдеушілер өздері іздеп келетін күнге жетіп қалғанымыз анық.

-  Жаңа аудандағы жұмыс қарқынды. Халыққа қызмет көрсететін түрлі мекемелер салынып, бар ғимараттарды қайта жаңғыртып, жаңалап жатырмыз. Нарынқол ауылын көгалдандыруға, жолдарды жөндеуге, көшені жарықтандыруға, балалардың ойын алаңдары мен спорттық алаңдарын салуға, тұрғын үйлердің аулаларын көркейтуге, қай жағынан болсын аудан азаматтары, облыстың әрбір аудан, қаласы өз үлестерін қосуда. Нарынқол өңірінің, әсіресе, ауыл шаруашылығындағы мүмкіндігі көп. Райымбек ауданына картопты өндірістік масштабта өсіруге жасаған мемлекет қолдауы өз нәтижесін беріп отыр. Жас мамандар туған жерге оралуда. Техникалар жаңарды, толықты. Облыс бойынша ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмысына кірістік. Соның нәтижесінде бір ғана Райымбек ауданының өзінде 6 мың гектар жер қалпына келтіріледі. Яғни картоп өндірісін одан әрі дамытуға мүмкіндік молаяды деген сөз. Біз өз тарапымыздан ауылдың еңбеккер халқына қолдау көрсетіп, ауыл шаруашылығын өркендетуді жалғастыратын боламыз,- дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

 

Алматы облысы