• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 19 Қыркүйек, 2019

Зейнетті өмірге жағымды қадам

1354 рет
көрсетілді

Жуырда жарияланған Қазақстан Пре­­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мем­лекет басшысы ретіндегі бірінші Жол­дауы эволюциялық құжат болды. Жолдау Президенттің сайлауалды бағ­дар­ламасына сәйкес шықты. Демек, Пре­зидент өзінің халыққа берген уәдесін орындайтынын дәйектей түсті.

 

Жолдауда халық үшін саяси, эконо­микалық және әлеуметтік салалар бойынша жақсылық нышандары баршылық. Төменде соның біреуіне тоқталып, ой өрбітпекпіз. Бұл – зейнет жасына жетіп үлгермеген аза­маттардың зейнетақы қорындағы жинақ­тал­­ған қаржысының бір бөлігін күні бұрын пайдалану, яғни өздерін толғандырған проблемаларын шешу үшін жұмсау мәсе­лесі.

Жолдауда:

«Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзі­нің зей­нетақы жинағын тек зейнетке шық­қаннан соң ғана пайдалана алады. Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пай­даланғысы келетіні түсінікті жағдай. Жұ­мыс істейтін азаматтар өздерінің зейнет­ақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақ­сат­қа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын» деді Президент.

Менің ойымша, зейнет жасына тақа­ғандардың зейнетақы қорында жинақталған қаржысын зейнеткерлікке шықпай тұрып, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін өзде­ріне бергендері өте дұрыс болар еді. Осы­лайша бір оқпен екі қоянды атуға болады.

Біріншіден, адам зейнеткерлікке шығар ал­дында тұрғын үй жағдайын жақсартады. Бұл – осындай мүмкіндікке ие болған адам­­ның жалпы өмірін жақсарту деген сөз. Осылайша адамның өз өміріне, қоғам­ға сіңір­ген еңбегіне және мемлекетке ризашы­лығы артады.

Екіншіден, қазақ халқының дәстүрлі өмір сүру салты жағдайында Президенттің бұл батыл бастамасы бір отбасының ға­на емес, екі отбасының тұрғын үй жағ­дайын жақсартуға ықпал еткен болар еді. Өйткені дәстүрлі отба­сы жағдайында ата-аналардың үйленген кен­же ұлдарын қол­дарында ұстайтыны бел­гілі. Осындай жағдайдағы көптеген отбасылар қазір пә­тердің тарлығына байланыс­ты қысылып-қымтырылып өмір сүруде. Осын­дай тұрмыс тауқыметіне байланысты жас­тардың ажырасып кету жағдайы да жиі бай­қалады.

Демек, аталған мәселедегі жағымды ны­шан­ның қазір қоғамда барған сайын белең алып келе жатқан некенің тұрақсыздығы проблемасын әлеуметтік-экономикалық тұр­ғыдан шешуге де игі ықпалы болар еді.

Үшіншіден, тұрғын үй нарығында жа­ңа қозғалыстар пайда болар еді. Бұл – тұр­ғын үй нарығына халық тарапынан жаңа инвес­тициялық қаржы келеді деген сөз. Құрылыс саласында жаңа жұмыс орындары ашылады. Мемлекетке түсетін салық көлемі артады.

Төр­тіншіден, қазір ипотекалық несие қымбат. Адамдардың зейнет жасына тақа­ған белгілі бір бөлігі ипотекалық несиені пай­даланбай-ақ өзінің өмір бойы жинаған адал қаржысын пайдалану арқылы жағдайын жақсартып жатса, бұл әділетті бір шешім ретінде бой көрсетіп, олардың мемлекетке деген сенімдерін  де арттыра түсер еді. Қа­зір­гі өмірдің көзге көріне бастаған бір шын­ды­ғы, халықтың мемлекетке деген сенімінің бәсең­дей түскені болып отыр.

Оған көп себептің бірі – Үкіметтің өз азаматтарын екінші деңгейлі банктер алдына аяусыз байлап бергендігі болып отыр. Егер мемлекет адамдардың зейнетақы қорындағы өз қаржыларын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін күні бұрын пай­далануға рұқсат берсе, міне осылайша жеке адам да, мемлекет те ұтысқа шығар еді деп ойлаймын.

 «Жастық шақта бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп атам қазақ бекер айтпаған. Осы мақалды «адал және қоғам үшін игі­лікті өмір сүрудің ұлттық формуласы» деп те атауға болар еді. Біз дамыған елдер қарт­тарының шынымен де зейнет жағда­йында өмір сүріп жатқандығын көріп отырмыз. Егер жоғарыдағы мәселе шешілсе, бұл біз­дің мемлекеттің де қарттарымызды дәл сон­дай болмаса да, белгілі бір жақсы жағ­дай­ға жеткізу бағытында жасаған батыл да сер­пілісті әрекеті ретінде қабылданып, көп­теген адамдардың ризашылығын туғызған болар еді.