• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2010

ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

652 рет
көрсетілді

Алматы облысының Ақсу ауданындағы табиғат апатының зардаптарын жою жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы одан әрі жалғасуда. Оперативті штаб белгілеген барлық іс-шаралар өз уақытында және толық көлемінде жүзеге асуда, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Іздеу-құтқару жұмыстарының нәтижесінде соңғы тәулікте қаза болған тағы екі адамның денелері табылды. Қаза тапқандардың жалпы саны 40 адамға жетті. Аудандағы ахуал қалыпқа түсіп келеді. 18 наурыз күні кешке Қы­зыл­ағаш ауылына 1088 адам ора­лып, олар ауыл мектебі мен шатыр­лы қалашыққа орналас­тыр­ыл­ды. Қызылағашта көшені жарық­тан­дыру қалпына келтірілді. “Қаз­пошта” бөлімшесі зейнетақылар мен басқа да әлеуметтік төлем түр­лерін төлеуді жалғастыруда. Әділет басқармасы мен халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің күшімен 97 құжат қалпына келті­рілді. 26 құрылыс компаниясына үй салу үшін архитекторлық жобалар берілді. Бас жоспарға сәйкес жаңадан 467 үй салынады. Құ­ры­лыс жұмыстарына, арнаулы мамандардан тысқары, жергілікті тұрғындарды тарту ойластырылуда. Құрылыс екі ауысымда, тәулік бойы жүргізіліп, жұмыстар жаз кезеңінде аяқталмақ. Қызылағашқа Алматы облы­сының қалалары мен аудандарынан гуманитарлық көмектер жеткі­зі­лу­де. 19 наурызға қарасты қалпына келтіру жұмыстары үшін түрлі көздерден 2 миллиард 100 миллион теңге қаржылай және материалдық көмектер бөлінді. Оның ішінде Үкіметтің резервтік қорынан 600 миллион теңге, “Самұрық-Қазына” қорынан 500 миллион теңге қаржы қарастырылды. Осы мақсаттар үшін облыстық бюджеттерден 870 мил­лион теңге мақсатты трансферттер бағытталды. Төтенше оқиға зардаптарын жою жұмыстары Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің тұрақты бақы­лауында тұр.