Қазақстан Президентінің мемлекет алдындағы жалпы тенденцияны жете түсінуі оның қаншалықты білікті саясаткер екенінің көрінісі. Ресейлік саяси ғылымдар кандидаты Эдуард Соловьев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының ерекшелігі жайында өз пікірін білдірді. «Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттігі: алғашқы 100 күн – мақсаттар, қадамдар, тактика» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында сақа сарапшылар 100 күн ішінде атқарылған жұмыстар жайында кеңінен әңгіме өрбітті.
Алдымен Э.Соловьев Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қоғамдық-саяси жүйені жаңартуға басымдық беріп, әлеуметтік мәселелердің тұрақты түрде шешімін табуға, нақты нәтижелерге назар аударуын ерекше атап өтті.
− Қазақстан Президентінің жүйелі позициясы мен саясаты сайлау кампаниясының жұмыс жүргізген кезінен бастап байқала бастады. Оның әсіресе 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы менің ерекше есімде қалды. Жолдау саяси бөлімнен басталады. Қазақстан Президенті – ел алдындағы жалпы тенденцияны түсінетін үлкен саясаткер. Сондықтан халықты нақты қандай мәселелер алаңдататынын жақсы біледі. Оны шешу жолдарын да ұсынып отыр, – деді Э.Соловьев.
Саясаткер өз сөзінде Қазақстан Президенті елдің жетістіктері мен табыстарын есепке ала отырып, экономикалық реформаларды жалғастыруды көздейтінін айтты. Елді қоғамдық-саяси тұрғыда жаңғыртпас бұрын, табысты экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін емес екенін назарға алған Э.Соловьев бұл ретте, азаматтық қоғамды дамытуға барынша басымдық беру арқылы халықпен байланысты арттыру, түйткілді мәселелерді шешудің оңтайлы шешімдерін қарастыру – нәтижелі бастама екенін жеткізді.
Дөңгелек үстел модераторы, қазақстандық белгілі сарапшы Ерлан Саиров Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшылығына келгеніне 100 күн толуына орай пікір білдіріп, 100 күнде іске асқан бастамалар, басымдық берілген салалар жайында әңгімеледі. Осы 100 күннің ішінде көз алдымызда елдің жаңа саяси тарихы қалыптасып, бірқатар мәселенің оң шешім табуына мүмкіндіктер туындағанын айтқан сарапшы кез келген саяси процесс – бұл күрделі әрі ауыр жол, оған саяси қалаулардың қандай да бір шиеленіскен дауларын, қақтығыстар мен қайшылықтар және мүдделерді келістіру арқылы қол жеткізілетінін айтты.
− Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық салада белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік. Қазақстан әлемдік ядролық қарулануға қарсы қозғалыстың авангарды болды. Этносаралық салада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мойындаған бірегей формат құрылды. Алайда Қ.Тоқаев Президент болатын уақытқа қарай елде көптеген әлеуметтік және қоғамдық проблемалар туындады. Халық пен мемлекет, тіпті биліктің өзі де әлеуметтік сауықтыруды қажет еткені жасырын емес. Қ.Тоқаевтың Президент болуы осындай қызу жағдайдан бастау алды. Халық пен билік арасындағы байланысты жандандыру, сенім ұялату үшін тың реформалар мен бастамалар, әсіресе әлеуметтік мәселелерді ретке келтірудің аса қажеттігін байқадық, − деді саясаттанушы. Сонымен қатар Е.Саиров сан түрлі әлеуметтік мәселелер шиеленіскен тұста Мемлекет басшысына Президент немесе шенеунік емес, тең құқылы азамат ретінде ел алдына шығу міндеті тұрғанын, адал әрі әділ диалогқа негізделген жаңа формат қалыптастыру қажеттігі туындағанын айтты.
− Билік қоғамның сұранысы мен тілектеріне құлақ асты. Менің ойымша, қоғамдық сананың тұрақталуына көп жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз күш-жігерінің арқасында қол жеткізілді. Азаматтар оны қолжетімді көшбасшы ретінде қабылдады. Сондай-ақ жүйенің өзі эволюциялық жолмен дамуға қауқарлы екенін көрсетті. Эволюция елдің саяси құрылымының негізгі элементіне айналып келеді. Әлеуметтік сипаттағы белгілі бір тәуекелдердің болғанымен, елдегі қоғамдық-саяси жағдайды ушықтыруға ынталы күштердің бар екенін де назардан шығармау керекпіз. Дегенмен, билік кез келген жағдайды тек бейбіт түрде келісіммен шешу керек екенін үнемі назарға алады, − деді шара модераторы. Сөз соңында биліктің «ұлттық консенсус» азаматтардың еркіндігі мен құқықтарына сүйенетін «ақылға қонымды қоғамдық шартқа» негізделген жаңа конструкция құруға тырысып жатқаны айтылды. Саясаткер Мемлекет басшысының «100 күнін» тобықтай түйіндегенде – оны тұрақтылық, демократия және өзгерістерге бағытталу сынды ұғымдармен сипаттауға негіз бар екенін жеткізді.
Андрей Чеботарев, саяси ғылымдар кандидаты:
– Елімізде Мемлекет басшысының ауысуы барлық бағытта өзгеріс орнауына мүмкіндік бермек. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 100 күн ішінде атқарған жұмысы қоғамның дамуына, жандануына бағытталған шаралардың жүзеге асқан 100 күні болмақ. Сол арқылы биліктің транзиті деп аталатын процесс орын алып отыр. Бұл мерзім ішінде Президенттің елдегі және шетелдердегі ұстанымы мен ықпалы күшейе түсті. Әсіресе, бұл оның халықаралық деңгейде танылуы тұрғысында аса маңызды болмақ. Өйткені Қазақстанның көптеген сыртқы саяси серіктестері, әсіресе АҚШ, Еуроодақ, Жапония, көрші мемлекеттер Ресей, Өзбекстан және Қытай сияқты алпауыттармен тең дәрежеде келіссөздер жүргізуде ел дамуы үшін, Қазақстаннның жаһандық аренада мойындалуы үшін біліктілік таныту ауадай қажет. Президенттің ел дамуының келешектегі бағытын айқындауы, нақты қадамдар жасап, реформалар енгізуі оның ерікті ойлай білетінін, Президент командасының дайындығы мен қарым-қабілетін айқындайды. Әсіресе, биліктің демократиялық бағыттағы басымдықтары оң көзқарастың қалыптасуына себеп болуда.
Президент Жолдауының да өзіндік ерекшеліктері бар. Парламенттің бірлескен отырысында елдің болашақтағы даму жоспарын жариялау арқылы міндетті жүктемелерді тиісті атқарушы органдарға жеткізді. Бұған қоса, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы елдегі осал салалардың ашық айтылуына, нақты тапсырмалардың орындалуын қадағалауға мүмкіндік бермек. Дәл осы қарқын мемлекеттегі кадр мәселесінде де көрініс табады. Бұрыннан келе жатқан білікті мемлекеттік қызметкерлердің қатарын жас мамандар толықтыруда. Жалпы алғанда, Президенттің тұрақтылықты сақтай отырып, тиісті өзгерістерді енгізу арқылы нәтижеге қол жеткізуді көздейтінін дұрыс қадам дер едім.
Саттар Мәжитов, тарих ғылымдарының докторы, профессор
− Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік қызметке кіріскелі бергі 100 күнін тек талдаумен ғана шектелмей, оның тағылымдық мәніне де баса мән берген дұрыс. Өткенге көз жүгірту арқылы келешектегі тың қадамдарға жоспар жасауды, ілкімді жобаларды саралап алудың бір әдісі ретінде қарауға болады. Еліміздің әр саласында атқарылып жатқан жұмыстар, ізгі бастамалар өзінің оң нәтижесін беретініне сенім мол. Президенттің 100 күніне талдау жасау барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын ерекше атап өтуге болады. Жолдауда елдің әлеуметтік-стратегиялық даму жолдары нақты әрі айқын көрсетілген. Ескеретіні, Президенттің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген межелер мен міндеттер, жобалар мен жоспарлар Жолдаудан нақты көрініс тапқандығын аңғаруға болады. Бір осы мысалдың өзі жаңа кезеңде әлеумет пен жеке адамға деген нақты бетбұрыс басталып, оның тұрақты болатынын дәлелдейді.
Тарихшы маман ретінде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік қызметке келуімен еліміздің жаңа белесі басталғанын айтқым келеді. Қай елдің өткеніне көз жүгіртсек те жаңадан Мемлекет басшысының келуі қоғамдық маңызға ие болатын үлкен өзгерістерге алып келеді. Дәл соның айғағы ретінде еліміздің тізгінін жаңа Президенттің ұстауы мемлекеттегі саяси құрылымдардың өзгеруіне, экономикалық саланың әртараптануына, әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына, рухани-мәдени бағыттағы бастамалардың тың серпін алуына оң ықпал етіп отыр.
Барша қазақтың қабырғасын қайыстырған Арыстағы оқиғаны өз көзімен көріп, жағдайдың тұрақталуын жіті бақылауда ұстаған Президенттің әрекетін халық жылы қабылдады.
Зарема Шәукенова, Президент жанындағы ҚСЗИ директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор:
− Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде қызметіне кіріскен кезеңнен бастап, 5 заңға қол қойды, сондай-ақ саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларға арналған 40 өкім мен 95 Жарлық шығарды. Бұдан басқа, Президент орталық мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, сонымен қатар бизнес құрылым басшыларымен, азаматтық сектор өкілдерімен, қоғамның басқа да өкілдерімен 140-тан аса іскерлік кездесулер мен кеңестер өткізді.
Саяси салада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін қалыптастырып, азаматтық секторды билікпен сындарлы диалогқа тартуға мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар халықпен жақын байланыс орнату үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп, қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары виртуалды қабылдау бөлмесі арқылы Президентке тікелей жүгіне алатындай мүмкіндік туды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес партиялық құрылыс процесін жалғастыру – көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және елдегі пікір плюрализмін дамыту ұзақ мерзімді перспективада саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Митингілер туралы заңнаманы жетілдіру – азаматтардың еркін ерік білдіруі үшін арнайы орындар (қалалардың шет жағында емес) бөлу қарастырылған. Бұған қоса, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер санын 25 пайызға қысқарту жоспарланып отыр.
Әлеуметтік салада халықтың аз қамтылған топтарына қарыз жүктемесін төмендету қарастырылған. Бұл шамамен 500 мың аз қамтылған азаматтарға 300 мың теңге сомасына несие берешегін өтеуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ алдағы 4 жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын 2 есеге көтеру, 2020 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге дейін кеңейту, келер үш жыл ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасауға 58 млрд теңге бөлу болжанып отыр.
Экономикалық салада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекет 2023 жылға дейін жұмыс берушілер тарапынан қосымша 5% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдары кейінге қалдырылды. Сондай-ақ келесі үш жылда шағын бизнес субъектілерін тексеруге салықтық жеңілдіктер мен мораторий енгізілуде. Президенттің ел Үкіметіне берген тапсырмасына сәйкес 2025 жылға қарай ІЖӨ-ні жыл сайын 5 пайызға арттыру, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізу мәселелеріне назар аударып отыр.