Кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қысқы жылыту маусымына дайындық барысы туралы айтып берді.
С.Есімханов Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режімде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Оның баяндауынша, осы жылдың 19 қыркүйегіндегі мәліметтерге сәйкес республика бойынша электр энергиясын тұтыну 72,5 млрд кВт құрады. Бұл – өткен жылдың осы мерзіміндегі деңгейден 1,7%-ға артық.
Сонымен қатар вице-министр энергия өндіруші және беруші кәсіпорындарды күзгі-қысқы кезеңге дайындау бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бүгінге дейін елімізде 5 энергоблок, 40 қазандық, 23 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілген, 4 энергия блогында, 28 қазандықта және 18 турбинада бұл жұмыстар жалғасу үстінде. Яғни жылу беретін ірі кәсіпорындардағы жөндеу жұмыстары бел ортасынан ауып отыр.
Мұның сыртында алдағы жылыту маусымына дайындық үшін орталықтандырылған жылумен қамту аймағындағы 459 қазандықтың 428 қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп бұл жөніндегі жылдық жоспардың 93%-ы орындалды.
«Сондай-ақ 21 мың шақырым электр жеткізу желілері мен 1152 шағын стансаға жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл жылдық жоспардың тиісінше 84% және 92%-ын құрайды» деді С.Есімханов.
Сонымен қатар ол бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары кестеде белгіленген мерзімнен кешіктіріліп жатқанын атап өтті.
«Мәселен, Павлодар облысында орналасқан «Еураазиялық энергетикалық корпорация» АҚ электр стансасы. Бұл ең ірі мемлекеттік аудандық электр стансасы (МАЭС). Оның жұмысына жергілікті әкімдік және акционерлермен қатар, біздің министрлік комитеті де бақылау жасайды. Бүгінде екі блок – №5 және №8 бойынша жөндеу мерзімі кестеден қалып келеді. Жөндеу жұмыстары маусым мен тамыз айларында аяқталуы тиіс болса, енді тек қазан айының соңында аяқталмақ. Бірақ бұл МАЭС-тің жылу беруге қатысы жоқ. Бұл тек энергия жүйесіне әсер етуі мүмкін болған соң атап өтіп отырмын» деді вице-министр.
Сонымен қатар С.Есімханов стансалардағы отын дайындау жұмыстары туралы да хабардар етті.
«Бізде көмірмен жылытылатын 20 ірі энергетикалық кәсіпорын бар. Қазіргі таңда осы стансаларда 4 млн тонна көмір қоры бар. Биыл кәсіпорындар айтарлықтай жақсы жұмыс атқарды. Өткен жылмен салыстырғанда 600 мың тонна көмір артық дайындалды» деді вице-министр.
Сонымен, бүгінде барлық стансаларда көмір қоры бар. Мәселен, Өскемен жылу энергия орталығында қалыптастырылған көмір қорының көлемі 20 тәулікке жетуі тиіс еді, қазір мұндағы көмір қоры 38 тәулікке жетеді. Ал көмірді аз тұтынатын Балқаш жылу энергия орталығында оның 2-3 айға жететін қоры қалыптасты.
Осы жылдың 19 қыркүйегіндегі жағдай бойынша энергия көздерінің қоймаларында мазут қоры 101,9 мың тоннаны құрайды. Бұл – өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 24%-ға көп.
С.Есімхановтың айтуынша, Энергетика министрлігі қосылған құн салығын қоса есептегенде 100 мың теңге бағамен 277 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітті.
«Жалпы алғанда, алдағы жылу беру маусымына дайындық тұрақты режімде жүріп жатыр» деді бұл жөнінде Энергетика вице-министрі.
Сонымен қатар жылу желілерінің температуралық кестелері Энергетика министрлігі мен Энергетикалық қадағалау комитетінің сайттарында жарияланғанын атап өтті. Аталған кестелер сақталмаған жағдайда, ең алдымен, температуралық жағдайды қамтамасыз ететін жылу беруші ұйымдармен байланыс орнату қажет. Жергілікті әкімдікпен бірге қажетті орындарға барып, себептерін анықтайтын комиссиялар құрылады.
«Мұндай жүгінулер Энергетикалық қадағалау комитетіне де келіп жатады. Ондай кезде біздің аумақтық департаменттеріміз мәселені дереу анықтауға барады. Сондықтан да аумақтық энергетикалық қадағалау департаменттеріне қосымша хабарласуға болады. Барлық мәліметтер мен координаттар сайтта жарияланған» деді вице-министр.