Каспий – достық теңізі делінеді, сондықтан алып су айдынының жағалауын мекен еткен көрші елдердің әскерилері бірлесе жаттығу жасап, күш-қайраттарын жетілдіруі әрі өзара тәжірибе алмасуы дәстүрлі қалыпқа енген. Міне, тағы күздің қоңыр салқын мезгілінде Каспий теңізінде Қазақстан мен Ресей әскерлерінің біріккен теңіз оқу-жаттығулары өтуде.
Бірлескен оқу-жаттығуларына Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» және «Қазақстан» ракеталық-артиллериялық кемелері Ресей Федерациясы Әскери-теңіз күштерінің Каспий флотилиясымен бірге қатысуда.
Оқу-жаттығулар Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында өтіп, 22 қыркүйекке дейін созылады. Жуырда Ақтау қаласының портына ресейлік «Татарстан» кемесі мен «Ступинец» катері, сонымен қоса 2 гидрографикалық кеме, ракеталық және рейдтік тралдар, құтқару буксирі мен кіші танкер келген болатын. Оқу-жаттығуларға Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал Сәкен Бекжанов жеке басшылық етуде.
– Жаттығу барысында Қазақстан мен Ресей Әскери-теңіз күштері біріккен топтарының жаңа ұрыс формалары мен әдістерін зерделеуге басты назар аударылмақ. Екі елдің теңізшілері арнайы операциялар мен ұрысты жүргізу бойынша бірқатар мәселені пысықтап, кемелердің бірлескен іс-қимылдарын, тапсырманы орындау орнындағы маневрлерді жүзеге асыратын болады. Осы жаттығулардың нәтижесінде екі елдің біріккен штабтарының үйлесімділігі бағаланып, офицерлердің біліктілік деңгейі сынға алынады, – дейді бірлескен оқу-жаттығу жөнінде ақпарат берген капитан Р.Игисинов.
Қазақстандық және ресейлік әскери теңізшілер біріккен оқу-жаттығулардан бөлек, Халықаралық армиялық ойындары барысында өзара іс-қимылдарды бірлесе өткізіп, машықтану шеберліктерін жетілдіріп келеді.
Маңғыстау облысы