• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қыркүйек, 2019

Таразда жедел байланыс орталығы ашылды

480 рет
көрсетілді

Тараз қаласында «JÁRDEM-109» бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Аталған орталықта халықтың сұранасына орай 1000-нан астам қызмет түрлері біріктірілген. Ендігі жерде Тараз тұрғындары барлық мәселенің шешімін осы жерден таба алатын болады. Бұл орын қаладағы тәулік бойы жұмыс істейтін жалғыз орталық. Тараз қалалық әкімдігінің мәліметінше, тұрғындардың өтінімдері барлық байланыс арналары арқылы қабылданып, әрі қарай тиісті мемлекеттік органдарға немесе коммуналдық мекемелерге жіберіледі.

Жаңа ашылған «JÁRDEM-109» бірыңғай байланыс орталығының бағыты – тұрғындардың өтініштерін қабылдау, сонымен қатар орын алған жайттарды, апаттарды шешуде коммуналдық және жедел қызметтер жұмысын үйлестіру. Аталған әмбебап көмекші каталогінде 1000-нан астам қызмет түрі бар. Кез-келген тұрғынның сұранысына оператор бірінші қоңыраудан-ақ жауап береді. Барлық өтініштер өңделіп, оларға тіркеу нөмірі де беріледі. Қыркүйек айында ғана өз жұмысын бастаған коммуналдық мекемеге аз уақыттың ішінде 276 өтініш түскен.

«Біз Тараз қаласының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік орталығының қызметін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Мекеменің басты мақсаты – Тараз қаласының тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді лайықты деңгейде көрсету болып табылады. Коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы мәселелер, жергілікті мемлекеттік қызметтер және әкімдіктің қызметіне байланысты басқа да мәселелер бойынша әртүрлі коммуникация құралдары арқылы Тараз қаласы тұрғындары мен қонақтарының өтініштерін қабылдау басталып кетті. Бірыңғай байланыс орталығына шұғыл қызметтерден басқа барлық сұрақтар бойынша «109»  нөмірі арқылы хабарласуға болады. Бұл халықтың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады. Қоңырауды ұялы телефон арқылы шалуға да болады. Барлығы тегін. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласында тәжірибеден өткен», дейді «Тараз қаласының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі» мекемесінің директоры Александр Необъявляющий.

Алдағы уақытта «109» қоңырау шалу нөмірінен басқа, «Facebook» және «Telegram» мен «WhatsApp» әлеуметтік желілері арқылы да өтініш қабылдау жоспарлануда екен. Тараз қаласында орналасқан кеңседе 12 диспетчер жұмыс істейді. Олар барлық мәліметтерге онлайн түрде мониторинг жасап отырады.