Оның 81 млн 854 мың теңгесі мәслихат қызметін қамтамасыз етуге жұмсалады. Қалған 2,3 млн теңге оның «күрделі шығыстарының» орындалуын қамтамасыз етеді. Бұл ақпаратты бүгін түс ауа Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жариялады.
Алматы әкімі аппаратының төл шығысы 3 млрд 332 млн 871 мың теңгені құрайды. Әлгі соманың 2 млрд 710,2 миллионы тек қала әкімінің қызметін қамтамасыз етуге жұмсалады деп жоспарланған. Әкімдіктің күрделі шығыстары 547,8 млн теңгені құрамақ. Ал 74,7 млн-нан астам теңге «Алматының Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етуге» кетеді.
Шаһардағы қаптаған ірілі-ұсақты әкімдіктердің қызметі де елге арзанға түспейді. Қазіргі кезде Алматы қаласының құрамында 8 аудан – Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандары бар. Аудан әкімінің аппараттары жұмыс жасауы үшін ел қазынасы биыл 2 млрд 33,6 млн теңгеге шығындалуы қажет.
Ірі шығын Алматының мемлекеттік активтер басқармасы еншісінде- 449,7 млн теңге. Жарты миллиардқа жуық осынша қаражаттың 370,4 миллионы «жергілікті деңгейде коммуналдық мүлікті және мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру қызметтеріне» жұмсалады.
Әкімдіктің стратегия және бюджет басқармасы 622,1 млн теңге қол жеткізіпті. Оның ішінде басқарма шенеуніктері өздерінің «экономикалық саясат, жоспарлау және бюджетті атқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру қызметін» 594,4 миллион бағалаған.
Бұдан бөлек жергілікті полицияға, яғни жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы ішкі істер органына «оның Алматы аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру қызметтерін қамтамасыз етуі» үшін 12,6 млрд теңге қосымша жіберіледі. Бір қызығы, оның 18 миллионы – «Қоғамдық тәртіпті қорғауға қатысатын азаматтарды көтермелеуге» жұмсалады.
Қалалық спорт басқармасына бөлінген қаржы 2 млрд 464,3 млн теңге. Оның басым бөлігін – 2 млрд 79 миллионын басқарма «балалар мен жасөспірімдерге спорт бойынша қосымша білім беруге» шығындайды. Ал мемлекеттiк тiлдi дамыту шараларына тек 35,4 млн теңге берілген. Әкімдік өз меншігіндегі негізгі капиталды сатудан 11 млрд 749 млн 700 мың теңге түсім түседі деп жоспарлауда. Алматының бюджеттік дефициті 2019 жылы «18 млрд 870 млн 221,8 мың теңгеге» жетпек.