Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік делегация Семей қаласының жұртшылығымен кездесті. Семейліктермен өткен басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының негізгі бағыттары түсіндірілді.
Іс-шараға облыс әкімі Даниал Ахметов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Исин, сондай-ақ үкіметтік емес және жастар ұйымдары, бизнес қоғамдастықтар, шығармашылық және ғылым, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Вице-премьер өз сөзінде Мемлекет басшысының саясаты халықты еңбек етуге шақырып, мемлекеттік қолдау механизмін қолдануға бастайтынын атап өтті.
«Биыл 400 мың отбасыға немесе 2 миллионға жуық қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алайда жәрдемақының жағдайы бар адамдарға да төленіп келгені анықталды. Ескерте кететін жайт, атаулы әлеуметтік көмек тек мұқтаж жандарға ғана көрсетілуі тиіс. Ал еңбекке жарамды адамдар жұмыс істеуі тиіс. Егер мамандығы жоқ болса, оқытып, жұмыс тауып беруге, грант пен шағын несие алуға, жеке бизнесін ашуға қолдау көрсете аламыз. Әлеуметтік қолдау қоғамды мемлекет асырайды деген ұғымға иландырмауы керек», деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ жас буынның тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелеріне баса тоқталды.
«Өкінішке қарай, жастар арасында, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ортасында қылмыс пен зорлық-зомбылық жағдайлары өршіп барады. Сондықтан мемлекет пен қоғам бірлесе отырып осы бағытта тиімді жұмыс істеуі керек. Ата-аналар балаларына саналы тәрбие беріп, адамгершілік, моральдық қасиеттерін бойларына сіңіре өсуіне зор көңіл бөлуі тиіс», деді ол.
Кездесу барысында тұрғындармен қоғамдық келісімді нығайту, ана мен баланы қолдау, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларындағы қызмет көрсету сапасын арттыру, мәдениет пен спортты дамыту сияқты басқа да мәселелер талқыланды.
Үкіметтік делегация Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасындағы бірегей ангиографиялық құрылғымен жасақталған гибридті операция жасау бөлімінің жұмысымен танысты. Республикада бірінші болып ашылған операциялық бөлімнің ерекшелігі, науқастарға бір мезгілде бірнеше ашық әдіспен және интервенциялық араласу арқылы кешенді гибридті ота жасауға мүмкіндік береді. Гибридті ота жасау қондырғысын орнату және ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 2,3 млрд теңге, оның ішінде жабдықтауға 1,7 млрд теңге жұмсалды. Айта кетейік, кешен халықаралық JCI талаптарына сай, «алтын» стандарт жүйесі бойынша салынды. Орталық ашылғалы бері 263 операция жасалынды. Жалпы жыл сайын 2,9 мың операция жасау жоспары тұр. Елордадан келген мәртебелі меймандар шаһардағы Электротехникалық колледждің тыныс-тіршілігімен танысу барысында білім саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, қызмет көрсету сапасын арттыру, мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеру сияқты басқа да мәселелер көтерілді.
Үкіметтік делегация ресми сапардың алғашқы күнінде ұлылар мекені – Абай ауданына ат басын бұрып, келесі жылы 175 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде мерекеленгелі отырған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мерейтойын өткізудің жай-жапсарын жан-жақты талқылады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойды жоғары деңгейде мерекелеу туралы Жарлығы шықты. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекетіміз ақын мерейтойын жоғары деңгейде тағылымды шаралармен атап өтуге әзірленіп жатыр. Бұл ретте дара тұлға дүниеге келген топырақ – ұлылар мекені Шыңғыстау әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарды қарсы алуға дайын болуы қажет. Бұл жер туристік орталыққа айналады. Қазір Үкімет, облыс басшылығы тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Ең бастысы, ақын мерейтойы үлкен тәрбиелік мәні зор шаралармен есте қалуы керек» деді Б.Сапарбаев Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында ақын ұрпақтары мен жергілікті ақсақалдармен кездесуінде.
Бұдан әрі Премьер-Министр орынбасарының ресми сапары Өскемен қаласында жалғасты. Ең әуелі үкіметтік делегация шаһар жұртшылығымен жүздесіп, Президент Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Сапар аясында Үкімет басшысының орынбасары облыс орталығындағы «Силумин Восток» кәсіпорны мен роботтандырылған хирургия орталығының жұмысымен танысты.
Үкіметтік делегация мүшелері 21 қыркүйекте Алтай ауданына жол тартып, Тұрғысын ауылының тұрғындарымен кездесіп, Алтай қаласындағы инсульттік орталықты көрді. «Қай кезде аудан дәрігерлері Англияға барып, тәжірибелерін шыңдап еді? Қай кезде аудан орталығында компьютерлік томография болып еді?! Денсаулық және басқа да салалар бойынша Шығыс Қазақстан облысы атқарып жатқан жұмыстарды қазір басқа өңірлер жасай алып отырған жоқ» деген Бердібек Сапарбаев аймақтың әлеуметтік саласындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Шығыс Қазақстан облысы