Елорданың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) аясындағы кезекті тур ойынын тағы да Алматыда өткізіп, қарсыласынан басым түсті. Бұл жолы Челябінің «Трактор» командасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
«Алматы Аренаға» жиналған 12 мыңнан аса жанкүйер бұл кездесуде екі шайбаның куәсі болды. Командалар алғашқы кезеңде тең ойнағанымен, кездесудің екінші бөлігінде «Барыс» ойыншылары қарсыластың қақпасына екі бірдей шайба соқты. Матчтың 22-минутында Роман Старченко мергендігімен көзге түссе, арада 2 минут өткенде Ииро Пакаринен есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша «Барыс» кездесудің екінші бөлігінде-ақ матч тағдырын шешіп тастады.
Бұл жеңісінен кейін «Барыс» ҚХЛ-дің турнир кестесінде 10 ұпаймен 6-орында келеді. Жерлестеріміз келесі екі ойынын сырт айдында өткізеді. 25 қыркүйекте Магнитогорскінің «Металлург» командасына қарсы ойнаса, 27 қыркүйекте Челябінің «Трактор» клубына қонаққа барады. Ал 30 қыркүйектен бастап «Барыс» қалған кездесулерін «Барыс Аренада» өткізеді.