Израильдегі саяси дағдарыс аяқталар емес. 17 қыркүйектегі парламенттік сайлаудан кейін де партиялардың ешқайсысы анық басымдыққа ие бола алған жоқ. Оның үстіне, ең көп дауыс жинаған екі партия өзара коалиция құру жөнінде мәмілеге келе алмады.
Негізі кезекті сайлау қараша айына жоспарланған еді. Алайда парламент мүшелері діни сауат ашып жүргендерді әскерге барудан босату жөніндегі заң жобасын талқылауда ортақ шешімге келе алған жоқ. Әсіресе Қорғаныс министрі Авигдор Либерман бұған түбегейлі қарсылық танытты. Оның үстіне Премьер-министр Биньямин Нетанияхудың соңынан сөз еріп, оның жақтастары да үкімет басшысының бірқатар бастамасына қарсы шыққан-ды. Биылғы 1 сәуірде Израильде кезектен тыс сайлау өтті.
Сәуірдегі дауыс беру нәтижесі бойынша Биньямин Нетанияху басшылық ететін «Ликуд» партиясы «Кахоль-лаван» партиясымен тең түсіп, парламенттен 35 орыннан бұйырды. Әйтсе де «Ликуд» партиясы дер кезінде басқа партиямен коалиция құрып үлгермегендіктен, парламент таратылып, тағы бір кезектен тыс сайлау белгіленген еді.
Қыркүйектегі дауыс беру нәтижесі де мәселені түбегейлі шешті деп айту қиын. Біріншіден, жоғарыда атап өткен екі партия тағы да мәреге тайталасып келді. Әзірге Бенни Ганц басқаратын «Кахоль-лаван» партиясы Кнессеттен (Израиль парламенті) 33 орын иеленсе, «Ликудқа» 31 мандат бұйырып тұр. Қазірге дейін бюллетеньдердің 97 пайызы саналды. Нәтиже толық анықталғанда да түбегейлі өзгерістің болмайтыны қазірден-ақ белгілі.
Екіншіден, Б.Нетанияху үшін бұл сайлау оңайға соқпайын деп тұр. Өйткені Бенни Ганц «Ликудпен» коалиция құрудан мүлдем бас тартып отыр. Оның себебі мынада. Алда-жалда екі партия мәмілеге келсе, Б.Нетанияху премьер креслосын сақтап қалуды көздейді. The Guardian газетінің хабарлауынша, Б.Нетанияху үкіметті кезектесіп басқаруды ұсынып отыр. Бұған дейін Израиль тарихында мұндай оқиға кездескен-ді. 80-жылдары Ицхак Шамир мен Шимон Перес Премьер-министр лауазымын кезектесіп атқарды.
Алайда мұндай ұсынысқа Б.Ганц келіспейтінін анық аңғартты. Оның айтуынша, «Кахоль-лаван» партиясы көп мандат иеленгендіктен, Премьер-министр лауазымы өзіне бұйыру керек деп есептейді.
«Халқымыз бірлікті таңдады. Әуелі Израиль ұстанымын дұрыс көрді. Мен бастаған «Көк пен ақ түстестер» («Кахоль-лаван» партиясы – А.А) сайлауда жеңіске жетті... Өз көшбасшылығыммен бірлескен либерал үкімет құруды көздеймін. Үкімет халықтың қалауын орындауы тиіс. Ал жемқорлық жайлаған жерде тұрғындарға жақсылық жоқ», деп мәлімдеді Б.Ганц.
The BBC арнасына сүйенсек, «Кахоль-лаван» партиясының белді өкілдерінің бірі – Моше Яалон тілшілерге берген сұхбатында «Нетанияху бастаған партиямен коалицияға түспейміз» деп кесіп айтқан.
Өз кезегінде Б.Нетанияху ұсынысының қабылданбағанына таңғалғанын әрі ырза еместігін жеткізді. Дегенмен оның алаңдауына негіз бар. Жүргізілген сауалдамалардың нәтижелеріне сүйенсек, Б.Нетанияху мен оның жақтастарын қолдайтындар саны азайған. Сондай-ақ екі аптадан кейін оған қатысты сот отырысының алғашқы тыңдалымы өтеді. Бұған дейін жемқорлыққа қатысы бар деп Б.Нетанияхуға қарсы іс ашылған-тұғын. Әйтсе де кәнігі саясаткер қолы таза екенін алға тартады.
Енді бұл партияларға өзге саяси ұйымдармен жаңа коалиция құрып, үкіметті жасақтауға бірнеше апта уақыт беріледі. Егер осы уақыт аралығында ешқандай тарап 61 мандат иеленіп үлгермесе, парламенттік сайлау үшінші рет өткізіледі.
Ел президенті Реувен Ривлин өткен бейсенбіде мұндай жағдайға жол бермеу үшін қолынан келетінінің бәрін жасайтынын мәлімдеді.