Сарыарқаның төрінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған халықаралық айтыс жоғары деңгейде өтті. Екі күнге созылған жыр сайысында Қырғызстан, Моңғолия, Қытайдан және еліміздің түпкір-түпкірінен келген 18 айтыскер өнер жарыстырды.
Қым-қиғаш тартысқа толы болған айтыстың алғашқы күні жеті сағатқа созылды. Тоғыз жұп өзара өнер сынасып, үздік шыққан жеті ақын финалдық сайысқа жолдама алды. Ал екінші күні ақындар алты сағат айтыс жасап, тыңдарман қауымның жан сарайын семіртіп, құлақ құрышын қандырды. Осынша уақытқа созылса да Сәкен атындағы театрдың сарайындағы бірде-бір көрермен орнынан тұрып кетпеді. Яғни, бұл дегеніңіз ақындар жұрттың көңілінен шыққан жақсы айтыстың отын жандыра білді деген сөз.
Жұрттың жанына жаққан айтыстың бірін Жандарбек Бұлғақов пен Бауыржан Шермединұлы жасады. Дегенмен алдыңғысының сөз саптасы, қиыннан қиыстырған тапқыр шеберлігі қарсыласынан әлдеқайда озық тұрды. Мысалы, Жандарбектің «Қазақстан көп ұлтқа ортақ Отан болса, қазақ тілі де ортақ тіл болу керек» деген мағынадағы ұшқыр ойына көрермен қауым бек риза болып, ұзақ қол соқты.
Мақсат Аханов пен Нұрмат Мансұров арасындағы сөз сайысында да сүйсінерлік тұстар аса көп болды. Екі ақын ұсақталмай, кестелі тілмен кесек-кесек ойлар айтып, ауқымды мәселелерді де қозғауға бара алды. Сонысымен де тыңдарман мен қазылар көңілінен шықты деген ойдамыз. Әсіресе Нұрмат шайыр Сәкен тақырыбына тереңдей еніп, жалынды ақын, көрнекті мемлекет қайраткерінің көшелі істерін жадымызда қайта жаңғыртып, сұңғылалық танытқаны сүйсінтті. Мысалға алсақ, ол Сәкен ақынның қолында билік тұрған кезінде арнайы бұйрық шығарып, Александр Затаевичке қазақтың 1000 әнін жинатқанын, басқа да ұлт мүддесі үшін істеген игі істерін шебер тілмен ел есіне сала білді.
Сонымен қатар, Айбек Қалиев пен Дидар Қамиев, қырғызстандық Жеңішбек Тоқтобеков пен Қытай қазағы Бүркітқазы Әділбек және Төлеген Жаманов пен Әсем Ережеқызы жұптарының арасындағы жыр сайысы айтыстың көрігін қыздыра түсті.
Жалпы, бұл айтыстың Қарағанды облысының әкімдігі мен Nur Otan партиясының қолдауымен ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Айтыстың екінші күні кеншілер астанасына арнайы келген Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жыр додасын өткізу үшін Қарағандының кездейсоқ таңдалмағанын атап өтті.
– Себебі, – деді ол, – Сарыарқаның киелі топырағында Сәкен Сейфуллин дүниеге келген. Мұндағы өнердің бұл түріне деген үлкен қолдау адамды сүйсінтеді. Айтыс – халықтың жанына жақын өнер. Біз ақындардың жырлары арқылы адамдардың өтініш-тілегін естігіміз келеді. Мәдени және рухани жаңғыру, дәстүрді сақтау біздің саяси доктринамыздың бір бөлігі.
Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов басқарған қазылар алқасының шешімімен екі бас жүлде тағайындалып, оларға Мақсат Аханов пен Жандарбек Бұлғақов лайықты деп танылды. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек екі ақынның әрқайсына екі миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Бірінші орын мен 1 миллион теңгенің жүлдесі Өміржан Көпбосынов пен Бауыржан Шермединұлына бұйырды.Дидар Қамиев, Мұхтар Ниязов және Төлеген Жаманов 500 мың теңгеден алып, екінші орын жүлдегерлері атанды. Ал үшінші жүлде – 300 мың теңгенің сертификаттарын Айбек Қалиев, Бүркітқазы Әділбек, Әсем Ережекқызы, Бекарыс Шойбеков және Нұрмат Мансұр өзара бөлісті.
Сондай-ақ «Сәкен Сейфуллин қорының» арнайы сыйлығы қырғызстандық Жеңішбек Тоқтобековке тапсырылса, айтыстың ең жас қатысушысы Жұлдызай Маратбекова «Асанәлі Әшімов қорының» арнайы сыйлығына ие болды.
Халықаралық айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман ақындардың өте өзекті мәселелерді көтере алғанын және Сәкендей сұңқар ақынның, көрнекті мемлекет қайраткерінің болмыс-бейнесін аша алғанын ризашылықпен атап өтті.
– Меніңше ақындардың әрқайсының жеңуге мүмкіндігі болды. Айтыстың алғашқы күні ақындар бүгінгі күнде халықты толғандырып жүрген көптеген мәселені сахна төрінен көтере білді. Ал мұның шешімін табудың Nur Otan партиясы доктринасымен үндесіп жатқаны бізді қуантады. Осының бәрін көрермен қауым да қызу қолдап отырды, – деді айтыс өнерінің қамқоршысы. ҚАРАҒАНДЫ