Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің активі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылады. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, кәсіпорындар мен мекемелердің, саяси партиялар филиалдарының, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Өңір басшысы Ғали Есқалиев Жолдауда жарияланған бағыттар Ақжайық өңірі тұрғындары тарапынан ерекше қолдауға ие болғанын айтты. Сонымен бірге құнды құжатта көрсетілген бағыттар бойынша міндеттерді айқындап, іске асыру жолдарын нақтылады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыты етіп көрсеткен сабақтастық ұғымының мәнін тағы бір мәрте көрсетті. Елбасы саясатының заңды жалғасы ретінде Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялап, Президентіміз негізгі басымдықты әлеуметтік саясатқа, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арнады. Жолдауда еліміздің тұрақты дамуы, экономикалық өсімі, халықтың денсаулығы мен білімінің сапасы, әлеуметтік қорғау, руханияты мен мәдениетінің дамуы қамтылған, – деді өз сөзінде Ғали Есқалиев.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру, тұрғындарды қабылдау жүйелі жолға қойылып келеді. Азаматтардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын орнату, өзекті мәселелерін жедел түрде шешу мақсатында облыстық деңгейде тоқсан сайын «Ашық әкімдік» шарасы ұйымдастырылады. Жыл басынан бері «Ашық әкімдік» шарасы 5 рет өткізіліп, нәтижесінде 3 мыңнан аса адам өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды. Бұл тәжірибе қазіргі уақытта жалғасын тауып, Орал қаласы мен барлық аудандарда жүзеге асырылуда.
– Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық конструктивті сауалдарын жерде қалдырмайтын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын іске асыру. Қазақстан Президенті қойып отырған осы міндетті орындауға азаматтық қоғамды жұмылдыру маңызды, – деді өңір басшысы.
Ғали Есқалиевтің айтуынша, өңірде түрлі деңгейдегі мәслихаттардың шешімімен бейбіт шерулер мен митингілерді өткізу үшін 22 орын бекітілген. Оның бесеуі – Орал қаласында. «Біз азаматтардың заңды пікірі мен талаптарын білдіруіне жағдай жасауымыз керек. Бірақ кез келген заңсыздық пен құқық тәртібін бұзуға жол берілмейді», деді облыс әкімі.
Өңір басшысы өз сөзінде облыстың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жай-күйіне тоқталып, Жолдаудан туындайтын тапсырмаларды жедел орындау қажеттігін айтты. Өңірлерді дамытудың берік негіздерінің бірі ретінде Президент атап өткен туризм саласын дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізу, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет. Бір тәуірі, Батыс Қазақстан облысы бойынша туристік орындарды тамашалауға келген адамдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 18,4% көбейген. Өңірдегі киелі орындардың туристік маршруттары, облыстың интерактивті картасы дацццйындалды. Бөкей Ордасы тарихи-өлкетану музей-қорығы, «Жұмағазы Хазірет» кешені, «Алаш Орда» музейінің 3D-модельді виртуалды турлары жасақталды. «Аталған орындарға инфрақұрылым тарту мәселесі қолға алынуда.
Актив жиналысында өңірдің сан-салалы мәселелері ашық қозғалды. Сөз алған еңбек ардагері, салалық мәдениет және спорт қызметкерлері кәсіподағы филиалының төрағасы Айдар Батырханов, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, саясаттанушы Павел Добряев, облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Жамал Ихсанова, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Салиева, «АСАД» жеке кәсіпорнының директоры Ақбар Жақсықұлов және басқалары Мемлекет басшысының Жолдауын бір кісідей қолдап, облыс тұрғындарын Президент нақтылап берген бағыт-бағдарды жүзеге асыруға шақырды. Актив жиналысы айтылған пікірлер мен ұсыныстар бойынша қаулы қабылдады.
Батыс Қазақстан облысы