«Мен ең алдымен істеген жұмысымда сапаға баса мән беремін. Жасаған затым тапсырыс берген адамдарға ғана емес, өзіме де ұнаса, жұмысымнан кәдімгідей ләззат аламын». Бұл – Алматы облысының Балқаш ауданындағы Бақанас ауылында тұратын дәнекерлеуші келіншектің сөзі. Жалпы Әдеміні ерекше таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Кәдімгі қазақтың қаракөз қызы. Оны өз замандастарынан бөліп алып қарауға себепкер болған жеке таңдауы ғана. Иә, екі баланың анасы қазір темірді теріше илеп, гүл орнына электрод ұстап дәнекерлеуші болып жүр. Кейіпкеріміз Әдемі ЕСЕНШОРАЕВАМЕН әңгімеміз осыдан басталды.
– Әдемі, әйел баласына таңсық кәсіппен айналысуыңызға не түрткі болды?
– Күйеуім екеуіміз бала-шағаны асырау үшін кез келген кәсіптен арланбадық. Соңғы қолға алған кәсібіміз жаңа жыл алдында шырша сату болды. Тауарымыз жерде жатпасын деп дәнекерлеушіге тапсырыс беріп, ұзын қылып темірден үстел жасаттық. Сол кезде шебердің жұмысын сырттан қызықтап тұрдым. Қолындағы құралына қыстырылған электродты темірге тигізіп қалғанда, жан-жаққа шашыраған мың-сан ұшқын кәдімгі түнде атылатын отшашуды көз алдыма елестетті. Күйеуімнің «Қарама, көзің ауырады», дегеніне қарамастан, қолыммен көзімді көлегейлеп тұрып әлгі көріністі тамашалай бердім. Неге екенін өзім де білмеймін, аяқ астынан қызығушылығым оянды. Содан дәнекерлеушіден құралдарын сұрап алдым да, темірдің екі кесіндісін балқытып отырып жалғап көрдім. Байқап қарасам, қолымның ебі бар сияқты. Дәнекерлеушінің бетпердесін қайта киіп алып, әрі қарай іске кірісе бердім. Міне, содан бері осы кәсіптің қыр-сырын үйренуге тәуекел еттім.
– Дәнекерлеуші Әдемінің отбасымен таныса отырсақ...
– Екі баланың анасымын. Күйеуіміз екеуміз бір-бірімізді қас-қабақтан түсінеміз. Содан да болар, қандай істі болсын екеулеп алып кетіп, әйтеуір бір нәтиже шығарып жатамыз. Шыны керек, мына өмірде жаныңдағы жұбайыңның қолдауы өте керек және маңызды дүние. Ал анам – ақылшым, сырлас құрбымдай болып кеткен ең жақын, ең асыл адамым.
Негізі, өзімнің мамандығым – бухгалтер. Бірақ кеңседе қағаз мүжіп отыру мен үшін азаппен тең. Одан да темірден ойыңдағыны жасап, дене еңбегімен айналысқан мың есе артық.
– Сіздің бұл кәсібіңізге туған-туыс, күйеуіңіз қалай қарады?
– Анам басында «Елден ұят-тағы», деп біразға дейін қарсы болып, намыстанып жүрді. Кейін істеген шаруамды көріп, бұл істің де өз несібесі барлығына көз жеткізгеннен кейін барып көнген ыңғай танытты. Ал күйеуім болса, әуел бастан мені қолдап шықты. Оның «Қолыңнан келсе, істей бер» деген жалғыз ауыз сөзі маған кәдімгідей күш беріп, өзіме деген сенімімді арттырды.
Жалпы, менің бала кезімнен жұрттың сыпсың сөзін елең қылмай, өзіме ұнаған кез келген шаруаны істей беретін әдетім бар. Мінезім сондай. Сөзден гөрі істі ұнатамын.
– Енді, бұл кәсіптің өтімді, қайтарымды екенін түсінгеннен кейінгі іс-әрекетіңіз қандай болды?
– Ең алдымен бизнес-жоспар жасап, құжаттарымды әзірлеп, «Бизнес бастау» арнайы жобасына қатыстым. Жолдасым екеуіміз жергілікті әкімдіктен жалға жер алып, шағын шеберхана аштық. Бастаған ісіміз қайырлы болды. Күннен күнге тапсырыс көбейіп, бұл істің қызығына басыбүтін кіріп кеттім. Міне, екі жылдай болды, қаладағы саябақтар мен балалар алаңдарына қажетті сәкілердің, әткеншектердің темір құрсауларын жасаймыз. Басқа да істейтін шаруалар көп. Көбіне берілген тапсырыстар бойынша жұмыс істеймін. Ал күйеуім менің қолымнан шыққан дайын өнімдерді тапсырушыға жеткізіп беріп отырады.
– Өмір бойы дәнекерлеуші болып жүрмесіңіз белгілі. Дегенмен, болашақта айналысар кәсібіңіздің осы іске қандай да бір қатысы болатын шығар? Алдағы жоспарларыңыз туралы айтсаңыз...
– Менің ойымша, адам баласы махаббатпен істесе, кез келген кәсіп өзінің жемісін береді. Әрине айналысқан шаруаның өзіндік қиындықтары да болады. Мәселен, ұзақ жұмыс істегенде көз еттерімнің тартып ауыратынын байқаймын. Сонан соң қауіпсіздік шараларын да қатаң сақтауға тура келеді. Әсіресе газбен дәнекерлегенде аса сақ болу керек. Ультракүлгін сәулелердің де зияны аз емес. Жоғары температурада жұмыс істейтіндіктен, от ұшқыны мол болатындықтан денеде бір де бір жер ашық болмауы керек. Дегенмен, жасаған өнімің ойдағыдай шыққанда, көздің ауырғанын да, шаршағаныңды, бәрі-бәрін ұмытып кетеді екенсің. Жалпы, дәнекерлеушінің жұмысы адамнан қол шеберлігі өз алдына, өте жоғары дәлдікті, табандылық пен төзімділікті талап етеді. Бұл нағыз «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейтін қағидатқа бағынатын мамандық. Болашақта бұл кәсіптің аясын кеңітіп, ауқымды жобалармен айналыссам ба деп армандаймын. Ол енді уақыттың еншісіндегі шаруа.
ӘңгімелескенҚалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы