Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы кикілжің қыркүйектің 15-де басталып, 18-де аяқталды. Алайда кісі қаны төгіліп, «Азия-Плюс» ақпараттық агенттігінің хабарына қарағанда, бір қырғыз, үш тәжік шекарашысы қаза тапқан.
Қырғыз-тәжік шекарасының жалпы ұзындығы 976 шақырым, соның ішінде делимитация мен демаркациядан өтіп, бекітілгені тек 504 шақырым ғана. Демек, бұл екі елдің ортақ шекарасының тек жартысы ғана белгіленген деген сөз. Бұл – шекара маңындағы кикілжіңді, суға, жерге деген таласты үнемі туындатып тұратын жағдай. Этносаралық кикілжіңдер де болып тұрады. Кейде ашынған халық бір-біріне тас атып, тіпті оқ жаудырып, жағдайды қанды тартысқа ұластырып жібереді. Мына оқиға да сондайдың бірі болып отыр.
Бұл жолғы кикілжің Қырғызстанның Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғди облысы тұрғындарының арасында 15 қыркүйекте басталды. Баткен облысының Ләйлек ауданындағы Мақсат шекаралық бекетінің маңында тәжіктер талас аумаққа құрылыс жүргізе бастағандықтан кикілжің туды дегенді қырғыз жағы айтады. Ал тәжік жағы құрылысты алдымен қырғыз жағы бастады деп айыптайды.
Қалай десек те қазір кикілжіңді нақты қай жағы бұрын бастағаны талас тудырып тұр. Әйтеуір екі жақтың тұрғындары да өз туларын тігіп, талас аймақта құрылыс жұмыстарын жүргізуді бастаған. Бір-біріне қарсы тас атудан басталған кикілжің келесі күні атысқа ұласқан.
Екі жақ та өздерінікін дұрыс, қарсыластарын арандатушылар, атысты бастаған солар деп айыптайды, бірақ нақты кім екенін анықтау қиын. «Фергана News» басылымы да жоғарыдағы «Азия-Пресстің» деректерін қайталап, тәжік жағынан үш, қырғыз жағынан бір шекарашының қаза болғанын жариялады. Сонымен қатар осы басылымның жариялауына қарағанда, қырғыз жағынан жараланғандар саны 13, тәжік жағынан жараланғандар 12 адам болыпты.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл екі елдің шекарасындағы жиі болып тұратын шиеленісті оқиғаның бірі. Осы жылдың шілде айында ғана қырғыздың Ақсай айылының маңында осындай кикілжің болып, бір адам өліп, 14 адам жараланған.
«Интерфакс» агенттігінің хабарына сүйенсек, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қырғыз-тәжік шекарасындағы кикілжіңді халықаралық құқық шеңберінде шешіп, тезірек реттеу қажеттігін мәлімдеген. Сондай мәлімдеме Тәжікстанның орталық билігі тарапынан да жарияланды.
Осыдан он жылдай бұрын Қырғызстан мен Тәжікстан талас тудырған шекаралық аумақтарға құрылыс жүргізбеу туралы келісімге қол қойған. Бірақ осы жылдар ішінде екі жақ келісімді бұзды деп бір-бірін айыптаумен келеді.
Бұл жолғы кикілжің екі елдің премьер-министрлерінің келіссөз жасауымен 18 қыркүйекте шешілді. Екі ел атыс жасалған жерден қарулы күштерді аулақ әкетуге келісті. Сонымен қатар Қырғызстан жағы бұрын тұрғызған бақылау мұнарасын бұзуға, ал Тәжікстан жағы құрылыс тұрғызбауға келісті.
Әрине бұл түпкілікті шешім емес, кикілжіңді реттеудің бір амалы ғана. Осыған қарап Қазақстанның өз шекарасын түпкілікті бекітіп, реттеп алғанына риза боласың. Әрине ондайға мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігері керек еді, Қырғызстан мен Тәжікстан лидерлерінің ондай шешімге бара алмағаны өкінішті-ақ. Сондықтан талас аумақтағы шекаралық кикілжіңдер де жалғаса берері сөзсіз. Ол әлі талай адамның өліміне соқтыруы да мүмкін.