«Орталық – 2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың белсенді фазасы басталды. Оқу-жаттығуға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан елдерінің әскери қызметшілері, 20 мың бірліктен астам әскери техника мен қару-жарақ, 600 шамасында ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқу-жаттығу броньды транспортерлер, жаяу әскер жауынгерлік машиналары, танкілер, жойғыштар, әскери-көлік ұшақтары, жауынгерлік тікұшақтар, тактикалық зымыран кешендері және артиллериялық қару-жарақтар қолданылды. Сонымен қатар әскери түрлер, арнайы әскерлердің, материалды-техникалық және медициналық қамтамасыз ету бөлімшелері тартылды. Оқу-жаттығу барысында заманауи әскери қақтығыстардағы тәжірибені ескере отырып, ұрысты бастаудың жаңа түрлері мен тәсілдері қолданылды.
Белсенді фазаның шарықтау шегі бөлімшелер негізгі оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындаған кезде жүзеге асты. Халықаралық форматта әскери контингенттер бірнеше тактикалық эпизодтарды орындады. Олар: барлау-оқ ату және барлау-соққы беру әрекеттері; бастырмалы оқ атумен зақымдауды жүргізу; шабуылға көшкенде басып алынған шепті ұстап тұру; тактикалық және жедел десанттарды түсіру.
Бөлімшелер заңсыз әскери құрылымдарға шабуылдау бойынша бірлескен іс-қимылдарды пысықтады. Әскерлердің тәжірибелік әрекеттерін Ресей және Қырғызстан президенттері, сондай-ақ Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің қорғаныс ведомство басшылары бақылады. Халықаралық оқу-жаттығудың нәтижесі бойынша ерекшеленген әскери қызметшілерді медальдармен марапаттады.