Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV «Үлкен Еуразия. Үнқатысу. Әріптестік» кеңесі аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Испания Корольдігі Сенатының Сыртқы істер комитетінің төрағасы А.Гутиерриспен келіссөз барысында мемлекетаралық қатынастардың жоғары деңгейі, сондай-ақ Қазақстан мен Испания парламентшілері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың әлеуеті атап өтілді.
Қазақстан өкілі Испания Корольдігі еліміздің Еуроодақтағы сенімді стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. «Қазақстан Парламенттік Ассамблеясы мен Еуропа Кеңесінің жұмысына қатысу аясындағы испандық парламентшілермен байланысты дамытуға мүдделі», деді А.Шәкіров.
Испаниялық сенатор өз кезегінде Корольдіктің жоғарғы палатасында Қазақстанмен достық тобын құруға ниетті екенін жеткізді.
Индонезия Республикасы Халық өкілдері кеңесі төрағасының орынбасары Фадли Зонмен және Аймақтар өкілдері кеңесі төрағасының орынбасары Дармаянти Любиспен кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Асқар Шәкіров исламдық қаржыландыру саласындағы Индонезияның мол тәжірибесін атап өтіп, Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне индонезиялық қаржы институттарын қатысуға тартуға мүдделі екенін айтты.
Ф.Зон Индонезия ел астанасын көшіру жөніндегі Қазақстан тәжірибесін пайдалануға әзір екенін жеткізді.
А.Шәкіров Пәкістан Ислам Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Салим Мандвиуалламен кездесуде «Қазақстан мен Пәкістан қатынастары ашықтығымен және бірізділігімен ерекшеленеді», деді.
«ШЫҰ мен АӨСШК аясындағы тығыз ынтымақтастық көпжақты сипаттағы үйлесімді жұмыстың айқын мысалы болып табылады. Біздің өзара сеніміміз аймақтық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және аталған халықаралық алаңдардың әлеуетін арттыруға ықпал ететініне сенімдімін», деді сенатор.
Салим Мандвиуалла өз кезегінде спикерлердің IV кеңесіне шақырылғаны үшін алғыс білдіріп, Пәкістан Қазақстанның Парламентімен тығыз байланыс жасауға әзір екенін растады. Әңгіме барысында Пәкістан өкілі Асқар Шәкіровке еліне сапармен келу шақыруын табыс етті.
Жүздесушілер екі ел арасындағы экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістету жөнінде пікір білдірді.
Сенат Төрағасының орынбасары Румыния депутаттар палатасы төрағасының орынбасары Флорин Иордакемен кездесуде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев туризмді дамыту міндетін қойғанын атап өтті. «Қазақстан басқа елдермен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға әзір. Әлем елдерінің парламенттері жаңа сапалық деңгейге өтті. Біз Румыниямен өзара тиімді шарттарда парламентаралық байланыстарды жалғастыруға мүдделіміз», деді А.Шәкіров.
Ф.Иордаке Қазақстан Румынияның сенімді әріптесі болып табылатынын және қазақстандық тауарларды Еуропа нарығына ілгерілететін көпірі болуға мүдделі екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы, инновациялар мен технологияны, экология мен туризмді ынтымақтастықтың басым салалары деп белгіледі.
Асқар Шәкіров Палестина Ұлттық кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Мұса Собейхпен кездесуде халықаралық істердегі парламенттердің рөлін күшейтудің маңызын атап өтті. «Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің кездесуі аясындағы үнқатысу алаңы пікір алмасудың маңызды мінбері болып табылады. Қазақстан кез келген қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Қазақстан Таяу Шығыстағы шиеленістерді реттеуге белсенді қатысушы болып табылады. Біз екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейтуге әзірміз», деді Қазақстан Сенаты Төрағасының орынбасары.
Палестина Ұлттық кеңесінің бас хатшысы өз кезегінде Палестина әлемде бейбітшілік бастамасын қолдайтынын және Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерін жұмсауға әзір екенін жеткізді.