БҰҰ Бас Ассамблеясы әлемнің 193 мемлекетін біріктіріп, өзекті геосаяси қарым-қатынастарды, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін ауқымды диалог алаңы екені бәрімізге мәлім. Бүгінгі таңда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы өз жұмысын жалғастыруда. Сессияның басты тақырыбы БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырумен тікелей байланысты болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы дебаттарында Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тұңғыш рет сөз сөйледі. Сөзін мемлекеттік тілде бастаған Президент жаһандық деңгейде орын алып жатқан геосаяси және геоэкономикалық сын-қатерлер мен қақтығыс үрдістері, оған қарсы тұрудағы атқарылып жатқан іс-қимылдар туралы, сондай-ақ Қазақстанның бұл жолда жеткен жетістіктері мен тәжірибесі туралы ерекше атап өтті. Жаһандық сын-қатерлер үрдістері деп Президент біріншіден, тоқтамай жатқан әскери қақтығыстарды, екіншіден, жаһандық және аймақтық державалардың бір-біріне деген сенімсіздігін және оның әлемдік тұрақтылыққа тигізетін теріс әсерін, үшіншіден, әлеуметтік, экономикалық және технологиялық теңсіздік, сондай-ақ жаһандық қарыз дағдарысын, төртіншіден, қоршаған ортаның бұзылуы салдарынан орын алып жатқан климаттың өзгеруін көрсетті.
Мемлекет басшысы белгілеп кеткен үрдістердің ішінде әскери қақтығыстарға тосқауыл қою мәселесі баса назар аударарлық жағдай. Әскери операциялардың кесірінен мыңдаған жазықсыз жан құрбан болып жатыр. Бұл арада Қазақстан БҰҰ бітімгершілік қызметтеріне белсене қатысып келеді. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Ливандағы бітімгерлік миссиясында 42 елден 10 мыңнан астам әскери қызметші қызметін өтеуде.
Мәселен, ТМД бойынша Қазақстан соғыс болып жатқан аймақтарға жіберетін бітімгерлер саны бойынша алдыңғы қатарда тұрғаны белгілі. Осылайша 2018 жылы елімізден Ливандағы БҰҰ миссиясына (UNIFIL) Үнді-Қазақстан бітімгерлер батальонына 120 әскери қызметкер жіберілді. Қазақстан үшін бітімгерлік іс-әрекет халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтудағы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. 2015 жылғы 15 маусымда «Қазақстан Республикасының бітімгерлік іс-әрекет туралы» Заңы қабылданды. 2014 жылдан бастап, Қазақстан офицерлері БҰҰ миссиясы аясында Батыс Сахара мен Кот-д’Ивуарда бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында әскери қызметтен өтті. Сонымен қатар қазақстандық бітімгерлер Ұлыбритания және АҚШ-пен бірлесе «Дала қыраны» арнайы-тактикалық бітімгерлік оқу-жаттығуларына қатысады. Бұл – қазақстандық жауынгерлер үшін үлкен тәжірибе.
Өзара келіспеушілік пен қақтығыстан бас тартып, бірлікке ұмтылу қазіргі заманның басты талабына айналу керек.
Мәдина БЕКТЕНОВА,Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері