Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясының жұмысына қатысуы тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан көпвекторлы сыртқы саясатының негізгі ұстанымдары мен басымдықтарын ілгерілету ісінде үлкен маңызға ие. Бұл ретте Қ.Тоқаевтың БҰҰ құрылымдарындағы мол еңбек тәжірибесі еліміздің халықаралық беделінің артуына және әлемдік аренада жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне ықпал етері сөзсіз.
Шараның күн тәртібіне қойылған тақырыптар сан салалы әрі өзекті. Ол жалпы алғанда, бұған дейін Елбасы түрлі халықаралық алаңдарда жария еткен Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларымен тығыз байланысты. Атап айтсақ, кедейшілікті жою, адами капиталды жақсарту, жаhандық климаттың өзгеруі және т.б. көкейкесті мәселелер.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз Тұңғыш Президентіміздің жоғары беделі мен сарабдал саясаты арқасында ғаламдық даму, жаһандық қарусыздану мен өрлеудің белсенді жақтаушысы ретінде әлемге танылды.
Қ.Тоқаевтың бұл жолғы сапарының мақсаты – Қазақстанның халықаралық жетістіктерін нығайта отырып, оны қазіргі жаhандық ахуалға сай жандандыру.
Екінші жағынан, Қ.Тоқаевтың АҚШ-қа сапары қарсаңында америкалық The Hill газеті жариялаған мақалада атап өтілгендей, Қазақстан экономикасына шетел капиталын тарту мәселесіне зор көңіл бөлінбек.
Қазақстан Президенті мақаласында «Мен инвестициялық ахуалды жақсартуды және елімізде бизнесін жүргізіп отырған халықаралық серіктестеріміз өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезінгендерін қалаймын», деген-ді.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметі алдына алдағы 5 жылда 30 млрд АҚШ долларынан астам қаражат тарту міндеті жүктелген болатын. Демек, бұл саладағы мемлекет басшылығының стратегиялық ұстанымдарын анықтау тұрғысында осынау беделді халықаралық алаңды пайдалану маңызды.
Осы тұста, АҚШ-тың іскерлік ортасымен байланысты кеңейтуге бағытталған ресми емес кездесулерге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ АҚШ-тың саяси истеблишменті мен сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен тікелей диалог ұйымдастырылғаны да еліміз үшін маңызды.
Осы орайда, Қазақстан Президентінің сапарын алдын ала ресми құлақтандырған және еліміздің сыртқы саяси басымдықтары бойынша оның көзарастарын толық сипаттаған мақаласының The Hill ақпараттық ресурсында жарық көруі кездейсоқ болған жоқ. Аталған құрал Конгресс қызметі және жалпы алғанда Вашингтонның «үлкен саясаты» бойынша маманданған Американың беделді саяси басылымдарының бірі саналады. Басылымның негізгі аудиториясы – саяси шолушылар мен сарапшылар, лоббишілер мен шешім қабылдау үдерісіне қатысы бар басқа да тұлғалар.
Ерлан МӘДИЕВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы