Елбасымыз Н.Назарбаев бастап, қалыптастырған еліміздің көпвекторлы сыртқы саясат тұжырымдамасы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тарапынан сабақтастықпен жалғасын табуда. Президентіміздің БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы барысында шетел басшыларымен, халықаралық ұйымдар төрағаларымен өткен кездесулерінен, сессия барысында жасаған баяндамасынан осыны байқауға болады.
Президент Қ.Тоқаев Швейцария, Болгария, Польша, Грузия, Украина, Иордания елдерінің басшыларымен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың бүгінгі жағдайын талқылап, елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды. Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өркениеттік, экономикалық, экологиялық мәселелерге қатысты бастама көтеріп, оны шешу жолында жүргізіп келе жатқан табысты саясаты мен бастамалары әлем елдері тарапынан оң бағаланып отыр.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу барысында Мемлекет басшысы БҰҰ-ның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдаудағы, халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі басшылық рөлін ерекше атап өтіп, бұл мәселеде біздің еліміз барынша қолдау көрсететіндігін жеткізді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы барысында жасаған баяндамасында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әлемдегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлді және соңғы кездері жаһанның түрлі аймақтарында орын алып, шешілмей жатқан қарама-қайшылықтарды атап өтіп, әлемдік державалардың әскери текетірес алдында тұрғанын ескертті. Елдер арасындағы өзара сенімнің азаюына байланысты, жаһандық қауіпсіздік архитектурасы бұзылып, қару-жарақ бәсекелестігі қайта жандануда. Бұл сауда соғысы, санкциялар, кибертехнологиялар, космостағы қарама-қайшылықтармен жалғасып, дағдарысты одан әрі күшейте түсуде. Осындай күрделі жағдайды түсіне отырып, Қазақстан жалпыға ортақ тұрақты дамуды, елдер арасындағы тең қарым-қатынасты және бейбітшілік жолындағы іс-әрекеттерді қолдайтындығын жариялады. Бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеп, нақты іс-қимылдар жүргізуге Қазақстанның әлеуеті мен тәжірибесі жеткілікті деп айтсақ болады.
Нұрлан СЕЙДІН,
саясаттанушы