Әскери институтты бітіруші курсанттар жаяу әскердің жауынгерлік машиналарымен және танктермен 100 шақырымға марш жасады.
Болашақ офицерлер іс жүзінде алған теориялық білімдерін пысықтап, әскери техниканы басқару шеберліктерін паш етті және су бөгеттерін ұрыс машинасымен еңсерудің барлық мүмкіндіктерін зерделеді.
Құрама экипаждар қатарында олар жаяу әскердің жауынгерлік машиналары мен Т-72 танктерінде 100 шақырымдық марш жасады. Ол үшін әскери институттың оқу-жаттығу орталығында арнайы көрсетілімді сабақ ұйымдастырылды.
Жауынгерлік техникадағы марш – бұл жолдар мен кедергілі жолдар арқылы взводтың немесе ротаның легі құрамындағы жай ғана жүріс емес. Ең алдымен, маршты жоспарлау және ұйымдастыру бойынша барлық дәрежедегі командирлердің жұмысы. Курсанттар жауынгерлік машиналарды жүргізу, күрделі жағдайда маневрлеу, әртүрлі кедергілерді еңсеруде табандылық пен батылдықты паш етті.
– Маршты ұйымдастыру мен өткізуді зерделеу кезең-кезеңмен өтеді. Бірінші курста курсанттар бөлімше командирінің жұмысы көлемінде, екінші және үшінші кезеңде взвод және рота командирі көлемінде қажетті мәселелерді зерделейді. Болашақ офицерлермен 100 шақырымдық маршты жүріп өтуді оқытудың соңғы төртінші курсы батальон командирі дәрежесінде өткізіледі, – дейді Құрлық әскерлері Әскери институты оқу бөлімінің бастығы подполковник Жәнібек Сарғазин.
Тәжірибелік сабақтар оқып-үйренушілердің тактикалық, атыс және әдістемелік машығын арттыруға ықпал ететінін, ұрысты ұйымдастыру мен жүргізудегі қабілеттерін жетілдіретінін атап өткен жөн. Курсанттар әскерлерге қызмет етуге жоғары деңгейдегі кәсіби дайындықпен, офицерлер үшін қажетті білім және біліктілікпен аттанады.