Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Адалдық алаңы» аясында «Әдеп» жобалық кеңсесі ашылды.
Салтанатты шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ ректоры Талғат Нәрікбаев және Nur Otan партиясы, Білім және ғылым министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, елорданың Алматы ауданы әкімдігі өкілдері мен басқа да ұйым-мекемелердің жетекші тұлғалары қатысты.
Кеңсе Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлесе қол қойған меморандумы негізінде жұмыс істейді.
Меморандумға ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов қол қойды.
Кеңсенің міндеті – университетте жемқорлыққа қарсы жұмыс жоспарының негізгі бағыттарын жүзеге асыру. Сонымен қатар коррупцияға қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес бірлескен шаралар кешенін іске асыру, оқу орындары қызметінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету, университетте сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік туралы түсіндіру жұмыстарын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізу, құқық қорғау органдарының білім алушылар мен қызметкерлер арасында кездесулерін ұйымдастыру сияқты функцияларды атқарады.
– Елбасы және партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылы 21 тамызда өткен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жоғары білім саласында жемқорлықты болдырмау туралы нақты тапсырма берген. Ал адалдық алаңы – өміріміз бен қызметіміздің қалыпты, табиғи үдерісіне айналуы керек, – деді ректор Ерлан Сыдықов.
Сондай-ақ әдеп – тәртіп пен мәдениеттің, жауапкершілік пен жасампаздықтың түйіскен алаңы болатынын, бұл жобалық кеңес университетте жемқорлыққа қарсы жұмыс жоспарының негізгі бағыттарын айқындап, жүзеге асыратынын және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, коррупцияға қарсы іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды көздейтінін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов: «Бұл меморандум «Адалдық алаңы» аясындағы Еуразия ұлттық университетінің сапалы жұмысына серпін береді деп сенеміз. Ел болашағы жолындағы қызметіміз жемісті, табысты бола берсін», деді.
Қатысушылар іс-шара аясында «Жазу тарихы» мұражайын аралап, оқу үрдісін ұйымдастыру және мониторинг, тіркеу-офисі бөлімдерінің, білім алушыларға қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.
«Егемен-ақпарат»