Семей қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын, оның ішінде «Атқа міну мәдениеті» бөлімін негізге ала отырып, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы және «Туған жер – туған ел» базалық бағыты аясында «Қазақстан – дала өркениетінің мұрагері» тақырыбында тарихи виртуалды саяхат өтті. Шара басында кітапхана қызметкерлері қазіргі таңда көп ғасырлық ұлттық тарихты қайта зерделеуге ерекше көңіл бөлінетінін, біздің міндетіміз – Ұлы даланың мәдени мұрасын ашып, бүкіл әлемге көрсету екендігін еске салып өтті.
Виртуалды саяхат барысында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына назар аударылып, қатысушылар жылқының ұлттық руханиятқа, қазақы жадыға, халықтық санаға айналып кеткені жөнінде кеңінен ақпарат алды.
Мәдени шараға Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, тарихшы, этнограф Мұхаметқазы Мұхамадиұлы, Абай ауданының тұрғыны, жылқы шаруашылығында 40 жыл еңбек еткен зейнеткер Шыңғыс Серікбай, ақын Қуандық Кенжебекұлы және Біржан Серікбайұлы қатысты.
Шара қонақтары тарихшы, этнограф Мұхаметқазы Мұхамадиұлы жылқы шаруашылығы мен қолға үйрету тарихының бастауы Қазақстан аумағында мәдениет ретінде қалай пайда болғаны туралы айтып берді, ал Шыңғыс Серікбай атқа міну мәдениеті туралы айтып, жылқы шаруашылығы тәжірибесімен бөлісті. Шара слайд-тұсаукесермен және бейнероликтермен сүйемелденіп, жас ақындар өлеңдерін оқыды.
Соңында қатысушылар өз ұрпағының лайықты өкілі болу керек екенін, өз халқының, жалпы адамзаттың өткені мен бүгінгі тарихын сақтап қалу туралы ойларымен бөлісіп, тілектерін жеткізіп, «Ер қанаты - ат» атты кітап көрмесін тамашалады.