• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 11:55

Геральдикада ғылыми айқындық қажет

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай отырысында өңірлердің геральдикалық таңбаларындағы мазмұн мен пішін жүйесіздігін жойып, бір ізге келтіру туралы нақты тапсырма берді. «Аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны мен пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет», деді Президент.

Жалпы, геральдика сала­сындағы жүйесіздікке «рәміз» бен «нышан» сөз­дерінің заңдағы қолданысы себеп болып отыр. Ғылыми тұрғыдан «нышан» мен «рәміз» ұғымдары сырттай ұқсас болғанымен, олар­дың категориялық мәртебесі мен қызметі – түбегейлі бөлек. «Нышан» – көбіне әдеби-эстетикалық кеңіс­тікте қолданылатын, еркін интер­претацияға ашық, контекстке тәуелді белгі. Ол жүйеге бағын­байды әрі мағынасы тұрақсыз. Ал «рәміз» – геральдика және семиотика аясында қатаң анықталған, құры­лымдық орны бар, әлеуметтік тұрғыдан бекітілген, құқықтық мәнге ие таңба. Демек, «нышан» – бейнелі категория, ал «рәміз» – ресми категория.

Геральдикада белгі кездейсоқ таңдал­майды: ол тарихи дәстүрмен, құқық­тық нормамен, мәдени кодпен бекітіледі. Мұндай жүйеде әр элементтің орны, қызметі мен мағынасы нақты регламенттелген. Сондықтан «нышан» сияқты көмескі, еркін ұғымды қолдану гераль­диканың басты қағидасы – нақ­тылық пен жүйелілікті бұзады. Кері­сінше, «геральдикалық рәміз» термині таңбаның институционалдық мәртебесін, семантикалық жүктемесін және жүйедегі орнын дәл көрсетеді.

Президент тапсырмасында нақты әрі бұлжымас талап қойылды: аймақ­тық таңбалардың мазмұны мен пішіні жүйесіздік пен еркін түсіндіруге жол бермей, қатаң түрде біріздендіріліп, бірыңғай әдістеме негізінде бекітілуге тиіс. Бұл – формальды ұсыныс емес, мемлекеттік саясаттың тұтастығын қамтамасыз ететін міндетті норма.

Осы орайда «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, «нышан» сөзінің бәрі «рәмізге» ауыстырылды. Дегенмен оның ішінде «өңірлік нышан» деген ұғым да жүр. Оған Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл комитеті жанындағы Республикалық терминология комиссиясы ұйғарым шығарған. Бұл ұйғарымның геральдикада ғылыми негіз ретінде ұсынылуы қисынсыз. Алдымен терминология комиссиясының емес, сараптамалық кеңестің талқылауынан өтуі керек еді. Соның салдарынан мәселені талқылау барысында «рәміз» сөзіне ғана біржақты назар аударылып, оның әртүрлі құқықтық мәртебелерге ие болуы ескерілмеген.

Атап айтқанда, рәміз ұғымы мем­лекеттік, өңірлік, ведомстволық және әскери деңгейлерде қолданылады әрі олардың әрқайсысы дербес құқық­тық анықтамаға ие. Осы тұрғыдан алған­да, мәселе рәміз сөзінің өзінде емес, оның құқықтық мәртебесін айқындау­да жатыр. Егер талдау атауға емес, «мем­лекеттік рәміз», «өңірлік рәміз», «ведомстволық рәміз» және «әскери рәміз» деген құқықтық санаттарға басымдық бере отырып жүргізілсе, олардың аражігі нақты ажыратылады әрі ешқайсысы бір-бірінің мәртебесін төмендетпейді. Бұл жағдайда ұғым­дық та, құқықтық та қайшылық туын­дамайды. Осыған байланысты өңірлердің ресми белгілерін атауда «өңірлік рәміз» терминін қолдануға қойылған шек­теулерді құқықтық, ғылыми тұрғыдан негізсіз әрі аталған мәселені Үкімет деңгейінде қайта қарауды орынды деп санаймын.

Республикалық терминология комиссиясы консультативтік-кеңесші құрылым ретінде құқықтық нормалар белгілеу құзыретін иеленбейтінін айта кету керек. Ол заң қабылдамайды, міндетті ережелер бекітпейді, оның кез келген шешімі ұсынымдық деңгейден аспайды.

«Өңірлік нышан» тіркесі ғылыми талапқа сай келмейді, өйткені ол ресми бекітілген таңбаны емес, жалпылама ишараны білдіреді. Ал «өңірлік рәміз» – нақты бір аумақтың тарихи-мәдени кодын, әлеуметтік мәртебесін және айырым белгісін білдіретін жүйелі ұғым. Бұл – терминологиялық дәлдік пен ғылыми айқындықтың талабы. Рәміз – конституциялық заң мен ресми құжат тілі.

Терминологияны одан әрі жүйе­леу үшін атаулар арасындағы ие­рархиялық сәйкестікті сақтау қа­жет. Қазақ тілінде «мемлекеттік рәміз» ұғымы өзінің нақты көрінісін «елтаңба» арқылы табады. Бұл – ге­раль­дикалық дәстүрге толық сәйкес келетін, орныққан ғылыми атау. Осы үлгіні сақтай отырып, өңірлік деңгейдегі гербті «төлтаңба» деп атау – тек лингвистикалық ұсыныс емес, ғылыми заңдылыққа негізделген шешім.

«Төлтаңба» ұғымы семантикалық тұрғыдан да, құрылымдық тұрғыдан да дәл: «таңба» – геральдикалық белгі, ал «төл» – сол кеңістікке тәндікті, мен­шіктілікті білдіреді. Осылайша, бұл термин өңірлік гербтің мәнін толық ашады әрі оны «елтаңба» ұғы­мымен бір жүйеге келтіреді. Нәти­жесінде, «елтаңба – мемлекеттік деңгей», «төлтаңба – өңірлік деңгей» деген айқын геральдикалық иерархия қалыптасады.

Егер ғылыми айналымда «нышан» сияқты жалпылама атаулар сақтала берсе, онда ұғымдық шекаралар бұ­лыңғырланып, геральдикалық жүйе әлсірейді. Ал «рәміз» бен «төлтаңба» сияқты нақты терминдерді енгізу – тек атау ауыстыру емес, бұл ұлттық таңбатану жүйесін ғылыми деңгейге көтеру, оны халықаралық гераль­дикалық стандарттармен үйлес­тіру.

 

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,

геральдист зерттеуші

Соңғы жаңалықтар