Ақтауда Nur Otan партиясы бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» жобасы аясында көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Бұл туралы Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
- Бұл бастама – «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігімен бірлесе іске асырылып жатқан жоба. Орталықта әр түрлі психологиялық-моральдық тренингтер өткізіледі, аналарға өз кәсіптерін бастауға кеңес беріледі. Сондықтан, бұл орталық есігі аналар үшін әрдайым ашық болмақ. Жобаға қолдау көрсеткен Nur Otan партиясына, Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық филиалына және Іскер әйелдер қауымдастығының өңірлік филиалына ризашылығымды білдіремін, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік филиалында ашылған жаңа орталықтың ашылу салтанатында Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысы Е.Күмісқали.
Жаңа орталық психологиялық-моральдық қолдау, құқықтық, ақпараттық қолдау, қабылдаулар мен кездесулер өткізу, аналитика және ұсыныстар жасақтау сынды алты бағытта жұмыс жүргізеді. Психологиялық-моральдық қолдау жұмыстары әр түрлі семинар-тренингтер арқылы сананы сауықтыру, мотивация арқылы позитивті көзқарас қалыптастыру, тұрмыстық тығырықтан шығу жолдарын көрсетумен жүргізілсе, құқықтық қолдау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң нормаларын түсіндіру, әлеуметтік заң нормалары бойынша кеңес беру арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ ақпараттық қолдау жұмыстары мемлекет тарапынан халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар ақпараттандырумен іске асырылмақ.
Қабылдаулар мен кездесулер мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдар мен мекеме өкілдерінің, сарапшылардың, мамандардың, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткізілмек.
Маңғыстау облысы