Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейі заманауи білім беру талабына толық сай келетін оқу ордасы.
Оқушыларға қазақ, ағылшын және орыс тілінде білім беретін лицей қаладағы ғана емес, облыстағы үздік оқу орнының бірі. Атап айтарлығы, соңғы 2-3 жылдың көлемінде лицей түлектерінің білім сапасы өте жоғары көрсеткішке жетіп, толықтай грант иегерлері атанып келеді. Мұғалімдердің кәсіптік мерекесі қарсаңында мақтаулы мектептің директоры Мариям Ғалиеваны әңгімеге тарттық.
-Мариям Бейсетайқызы, сіз басқарып отырған лицей туралы сөз бола қалған жерде «Түлектері түгелдей грантқа оқуға түсетін мектеп» деген мақтаулы пікір айтылады. Бұл бірнеше жыдан бері дәстүрлі түрде жалғасып келеді екен. Өткен оқу жылын да осындай жағымды жаңалықпен қортындыладыңыздар ма?
-Әлбетте, біздің лицей туралы жақсы сөздің айтылғанына қуаныштымыз. Бұл, біріншіден ұжымға, ұстаздарға берілген баға, екіншіден білім ұясындағы еңбек сапасының деңгейін білдіретін нәтиже. Жалпы, жетістіктің жыл сайын жалғасып, білім сапасының әр оқу жылы бойына артып отырғандығына оқушыларымыздың жоғарғы оқу орындарына түсуі ғана емес, қалалық деңгейден бастап, республикалық, халықаралық дәрежедегі түрлі олимпиадалардан жүлделі орын алып жүргені дәлел. Соңғы 2 жыл бойы лицей түлектерінің түгелдей мемлекеттік грант иеленіп, жоғарғы оқу орындарына түскенін өздеріңіз білесіздер. Мысалға, 2017-2018 оқу жылында 5 оқушы «Алтын белгіге», 8 шәкірт «Үздік аттестатқа» ие болып, бітіруші 27 оқушы түгелдей мемлекеттік білім грантын жеңіп алды. Осы жолы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша да оқушылар өз білімін айқын дәлелдеп, орташа есепке шаққанда 124 балл жинаған болатын. Ал 2018-2019 оқу жылында ҰБТ-ға 36 оқушымыз қатысып, 11 бала «Алтын белгі» қорғады, 13 шәкіртіміз «Үздік аттестат» иесі атанды. Енді «балапанды күзде санайды» дегендей, қазір биылғы түлектеріміздің барлығы бірдей ҰБТ-дан жоғары балл жинап, жоғарғы оқу орындарының студенті атанғандарын естіп, шаттанып отырмыз.
-Бәрекелді, ал мектептің, оқуышлардың осындай үнемі жетістікке жетуінің басқадай бір сыры бар ма? Оқу үрдісінде, білім жүйесіндегі артықшылық дейтіндей...
-Негізінен, мектептегі білім сапасы мен оқу үлгерімінің жоғары болуы қатал тәртіп пен орынды талаптың нәтижесінде келетін үлкен еңбектің нәтижесі. Ұжымдағы ауыз бірлік пен кәсіпке деген сүйспеншілік, ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен ізденімпаздық тізе қосқан жерде жетістік те ілесіп жүрмек. Бұл екі талап біздің мектепке тән нәрсе. Әрине, арнаулы лицей болғандықтан біздің оқыту жүйемізді басқа мектептермен салыстыруға болмайды. Оқу бағдарламасындағы ерекшелік, қаржыландыру бағытындағы жүйелілік те білім сапасына әсер етеді.
-Ұжым туралы айтып қалдыңыз. Оны жасақтау оңай емес шығар. Қатал басшысыз ба? Жалпы, мұғалімді жұмысқа қабылдаған кезде қандай талап қоясыз?
-Мен ұжымдағы жас әріптестерімдіе жұмысқа қабылдаған кезде «Қатардағы көп мұғалімнің бірі болып айлық алып жүре беруді ойласаңыз, осы арадан кері қайтыңыз» деп айттқан едім. Біздің міндетіміз – есептің шығару жолын үйретіп қана қоймай, оның жауабына жету үшін үлкен ізденіс керектігін балаға ұғындыру. Жалпы, кез келген мектептің маңдайшасына «Оқушыға мотивация беру үшін ұстаздың өзі новатор болуы тиіс!» деген ұранды жазып, іліп қою керек деген ұстанымдамын...
-Жөн екен. Оқушыларыңыз осыншалық озат болып отырғанда, оларды оқытатын ұстаздардың білім мен білігі, сапалық деңгейі жайында еш алаңдамауға болатын шығар?
-Лицейде 66 мұғалім еңбек етуде. Оның ішінде жоғары санатты 29 мұғалім және бірінші санаттағы 18 ұстаз бар. Ұжымда жастардың санын көбейтіп жатырмыз. Қазір жас мамандардың үлесі 45 процентке жетті. Бұл – ұстаздардың аға буыны мен жас толқыны арасындағы сабақтастықты сақтауға, білім мен тәжірибе ұштастыруға жол ашатын үрдіс. Қазір лицей мұғалімдері жаңартылған білім мазмұны бойынша толықтай дайындықтан өтті. Бүгінде мұғалімдердің біліктілігін бағалаудың шегі «Шебер ұстаз» деңгейінде анықталады. Бұл – «ұстаздың ұстазы» деген ұғым береді. Ал біздің лицейдің ұстаздары арасынан осы «Шебер ұстаз» деңгейіне 5 бірдей мұғалім қол жеткізді. Мұндай жетістік республикада жоқ. «Шебер ұстаз» санатына қол жеткізу үшін мұғалім бекітілген бағдарлама бойынша үздік оқытып қана қоймай, авторлық бағдарламасын қорғап, сол арқлы нәтиже көрсетуі тиіс. Осындай жауапты сыннан өтіп, ел бойынша өзінің ұстаздық дара болмысын танытқан әріптестеріммен мақтанамын.
-Мәриям апай, әлгінде сөз арасында білім үдерісінде табысты болудың жолын үш жақты қарастыру жайын айтып қалдыңыз. Соны айшықтап берсеңіз?
-Бұл жерде ұстаз – оқушы – ата-ана бірлігі туралы айтып отырмын. Ұстаздан жаңашылдық, оқушыдан құштарлық, ата-анадан сүйіспеншілік болған жерде тәлім мен тәрбиенің өзегі қалыптасып, «тізбекті реакция» арқылы мектеп жұмысы да жеңілдейтіні анық. Өз тәжірибемнен айтайын. Біздің мектепке қала бойынша, жақын аудандардан кілең оқу үздіктері сынақ арқылы қабылданады. Оқушыларымыздың барлығы сүт бетіндегі қаймақ сияқты. Жәй мектептер үшін бұл қызыға қарайтын жағдацй болғанымен, біз үшін өте жоғары жауапкершілік. «Данышпан балалық шағынан данышпан болып қалыптасады» дегендей, білім деңгейі жоғары оқушыға біздің ұстаздардың беретін сабағының сапасы қаншалықты екенін бағамдап көріңіз енді. Осы жерде ата-анамен жұмысты келісім-шарт арқылы реттеп отырамыз. Яғни, ата-ана баласының алаңсыз оқуы үшін барлық жағдай жасауға міндетті. Оның ішінде баланың түрлі деңгейдегі олимпиадаларға, жарыстарға қатысуына шектеу қоймау жөнінде алдымен ескертеміз. Түсіністігіміз жоғары...
-Биылғы оқу жылын күрделі жөндеуден өткен ғимаратта бастаған екенсіздер. Мектеп ғимараты ғана емес, білім беру ісіне қажетті құрал-жабдық пен технологиялық мүмкіндік те жаңа сипат алғаны байқалады...
-Иә, бұған дейін лицей орналасқан ғимарат ескі еді. Биыл облыс әкімі Амандық Баталов өзі бас болып, толықтай күрделі жөндеу жасап берді. Жөндеу жұмысы жылдам әрі сапалы болды. Сол үшін алғысымыз шексіз. Оқушыларымыздың еңсесі көтеріліп, жаңа үйге қоныстанғандай мәре-сәре күйде жүр. Ал жаңа заманғы технологияға сай жұмыс кабинеттерін жабдықтады. 2018 жылдың оқу қортындысы бойынша Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейі «Орта білім беретін үздік ұйым» атағын жеңіп алған-ды. Облыс әкімі тарапынан 22 627 000 теңге қаржылай грантқа ие болдық. Бұл қаржыны биыл мектеп базасын жетілдіруге бағыттадық, оның ішінде информатика кабинеттерін толықтай жабдықтадық. Қазір бізде IT-сынып, робботтехникасы сыныбы барлық қажетті құралдармен толығып, оқушылардың білім алып, тәжірбие жасап оқуына жағдай бар.