Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мұнай-газ саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері туралы айтып берді.
М.Досмұхамбетов атап өткендей, мұнай-газ саласын дамыту оң серпін көрсетіп отыр. Биыл мұнай өндіру жоспары 89 млн тонна болып белгіленді.
9 айда 66,8 млн тонна мұнай өндірілді. Соның ішінде үш ірі жобада 40,6 млн тонна, айталық, Қашағанда – 10,1 млн тонна, Теңізде – 22 млн тонна, Қарашығанақта 8,5 млн тонна мұнай өндірілді.
Қашаған мен Теңіз кен орындарында жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды. Биыл 15 қыркүйектен бастап Қарашығанақтың негізгі өндірістік объектілерінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Өндіріс толығымен тоқтатылды, жөндеу жұмыстары 13 қазанға дейін жалғасады. Өңдеу кешені, газды кері айдау компрессорлары, газды дайындау қондырғылары жөнделуде.
«Мұнай өндірудің осы қарқыны биыл 89 млн тоннадан аса қара алтын өндіруге болатынын көрсетіп отыр», деді М.Досмұхамбетов.
Мұнай өнімдерін өндіру саласында 2018 жылы мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмысы аяқталған соң, өңдеу қуаты мен тереңдігі артты.
Үш зауытта мұнай өңдеу көлемі 12,7 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 5%-ға артық. Өткен жылмен салыстырғанда мұнай өнімдерін өндіру біршама өсті. Атап айтсақ, бензин бойынша 14%-ға, дизель отыны бойынша 11%-ға, әуе отыны бойынша 2 еседен астам.
Газ өндіру көлемі 41,9 млрд текше метрді құрады. Тауарлық газ өндірісі 24,7 млрд текше метрге жетті. Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес көтерме нарықта бағаның негізсіз өсуіне жол берілмеді, бұл халық үшін газ бағасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Мұнай-химия секторында битум өндіру 702 мың тоннаны құрады. Өндіру көлемі еліміздің жол саласының қажеттілігін толығымен қанағаттандырады. 2019 жылға арналған жоспар – 767 мың тонна. Атырау мұнай өңдеу зауытында осы жылдың 9 айы ішінде 107 мың тонна хош иісті көмірсутек (бензол, параксилол) өндірілді. Аталған өнім экспортқа бағдарланған. 2019 жылға арналған жоспар – 180 мың тонна. Ағымдағы жылдың тамыз айында Алматы облысында жағармай өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Оның қуаты жылына – 100 мың тонна. Осы өндіріс ішкі нарықтың жағармайға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге және жақын шетелге экспортты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Брифингте бірінші вице-министр журналистер қойған бірқатар сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қарашығанақ жобасына 25 млрд доллар инвестиция салынса, мұның 7 млрд доллары жергілікті сатып алуларға бағытталған.
Сондай-ақ Сарыарқа газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша құбыр тартудан бөлек бес жерден 5 станса салынуы тиіс. Оның құрал-жабдықтары мен қондырғылары толық сатып алынған. Міне, осы жұмыстардың барлығы биыл желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Мұнан әрі жеткізілген газды тұтынушыларға дейін тарату үшін ішкі желілер іске қосылуы керек. Бұл – жергілікті әкімдіктер міндетіндегі жұмыс.
Қашаған жобасын жүргізу үшін жол картасы әзірленуде. Жоба бойынша газ өңдейтін зауыт салынбақ. Қашаған жобасы алдағы уақытта кеңейтіледі. Жобаның қуаты, алдын ала есептеулер бойынша, бірте-бірте күніне 500 мың баррель мұнай өндіруге дейін жеткізілуі тиіс. Ал газ өңдейтін зауыт жылына 1 млрд текше метр тазартылған газ шығаратын болады. Бұл ішкі нарыққа газ беру көлемін едәуір арттыра түспек. Инвесторлар қазір осы бағыттағы жұмыстарды ақылдасуда.
Махамбет Досмұхамбетов қойылған сұраққа орай еліміздегі ең ірі үш жоба (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) бойынша жұмыс істейтіндердің 90 пайызын қазақстандықтар құрайтындығын айтып өтті. Соның ішінде Қашаған жобасы бойынша 3200 штаттық қызметкер бар. Мұның сыртында осы жобаға қызмет көрсететін мердігерлік ұйымдарда 7 мыңға тарта адам еңбек етеді. Олардың 90 пайызы қазақстандықтар.