• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тағайындау 07 Қазан, 2019

Федерацияға жаңа басшы сайланды

286 рет
көрсетілді

Өткен сенбі күні Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде республикалық «Qazaq kuresi» федерациясының жылдық есеп беру конференциясы өтті.

Маңызды жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, «Qazaq kuresi» федерациясының президенті Арман Шораев, Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері коми­тетінің төрағасы Серік Сәпиев және федерация өкілдері мен ұлт­тық күреске еңбек сіңірген ардагерлер қатысты.

Аталған бас қосу аясында, ұлт­тық күрестің болашағы жайлы мәселе қозғалып, алдағы күндері бұл саланы жандандыра түсу үшін жаңадан республикалық «Qazaq kuresi» федерациясының президенті болып Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сайланды.

Өзіне жүктелген маңызды мін­детті жауапкершілік пен қа­былдаған Д.Абаев бұған дейін аталған федерация тарапынан үлкен жұ­мыстар атқарылғанын айта келіп: «Осының бәріне бас­шы­лық еткен Арман Төлегенұлы қазақ күресі брендін жоғары деңгейге көтеріп, үлкен жұмыс атқарды. Сондықтан мен осы жұмысты бірге жалғастырамыз деп айтқым келіп отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да ұлттық жәдігерлерімізді дәріптеу туралы кеңінен айтылған. Өйткені ұлттық спорт – ұлттық сана мен ұлттық рухты қалыптастыратын ұлттың коды болып саналады. Күрес арқылы қазақтың атын айдай әлемге танытқан, абыройымызды асырған Қажымұқан бабамыздың жолын жалғастырып, қазақ күресін биік белестерге жетелеу  – маңызды да жауапты іс. Сондықтан федерация өкілдерінің маған артып отырған сенімдерін ақтауға тырысамын. Қазақ күресінің деңгейін арттыруға қатысты бірқатар жос­пар бар. Алдағы уақытта осы сала мамандарымен бірігіп тың шараларды жүзеге асырамыз деген сенімдемін. Қазақта «арық айтып, семіз шық» деген сөз бар. Сондықтан осы сөздің нәтижесін көрсетуге тырысамыз деп айтқым келіп отыр», деді ұлттық күресіміздің жаңа басшысы Д.Абаев.

Расында 2013-2019 жылдар аралығында федерация жұмысын биік деңгейге көтере білген Арман Төлегенұлы «Қазақстан Барысы» жобасын ұлттық брендке айналдырумен қатар, «Әлем Барысы», «Еуразия Барысы», «Жас Барыс», «Халық Барысы» сияқты тың жобалар арқылы палуандардың әлеуметтік беделін қалыптастырды. Феде­ра­цияны Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының құрамына қосты, сонымен қатар аса зор тарихи қадам – қазақ күресін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізді. Яғни осы жылдар арасында А.Шораев қазақ күресін ұлттық брендке айналдырды. Болашақта Арман Төлегенұлы федерацияның бірінші вице-президенті ретінде жұмысын жалғастыра беретін болды.

Басшылықтағы өзгерісті ұлттық күресіміз үшін жасалып жатқан нәтижелі қадам деп баға берген А.Шораев: «Жаңа президент Д.Абаев министр ретінде де, оның алдында Елбасының баспасөз хатшысы кезінде де біздің жобаларымызға зор қолғабыс тигізіп келе жатқан азамат.  Сол себепті болашақта қазақ күресі ұлттық құндылық ретінде әрі қарай асқақтай беретін болады» деп өзінің шынайы ойын жеткізді.