Қазір әлемде таза ауыз су көздерінің тапшылығы байқалып отыр. Мұндай жағдайда ел аумағындағы жерасты ауыз су көздерінің қорын сақтау мен оның ластануына жол бермеудің маңызы ерекше. Әйтсе де бүгінде жер қойнауын пайдаланушылар, соның ішінде көмірсутегі шикізатын игеріп жатқан алпауыт компаниялар жерасты су көздерінің мұнай қалдықтарымен ластануына жол беріп жүргені қынжылтпай қоймайды.
Мысалы, Ақтөбе облысының аумағындағы Темір мен Мұғалжар аудандарының түйіскен тұсында орналасқан Көкжиде жерасты ауыз су орны. Бұл жерде онымен бір атаудағы Көкжиде деген құнды алқап та бар. Екеуі де экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан маңызды нысан. Еліміздің інжу-маржаны іспеттес табиғат таңғажайыптары республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи қорықтық қордың геологиялық және гидрогеологиялық тізіміне енген. Бұл жөнінде 2007, 2010, 2011 және 2016 жылдары ел Үкіметінің арнайы қаулылары шығарылған.
Бұған дейін жүргізілген зерттеулер Көкжиде құмдарының мұнай өнімдерімен ластанғанын көрсетеді. Яғни, көмірсутегі шикізатын өндіретін компаниялар жаз және күз маусымдарында Көкжиде жерасты суы ластанған. Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінен алынған деректер олардың қатарында «СНПС-АМГ» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «Урихтау оперейтинг» ЖШС, «Фирма Ада Ойл» ЖШС және «Қазақ Ойл Ақтөбе» ЖШС сынды бес бірдей мұнай компаниясы бар екенін айғақтайды. Шикізатты екпіндете өндіру жағдайында Көкжиде құмдары қойнауындағы жерасты суы мен оның сапалық құрамын сақтап қалу күрделі күйінде қала бермек.
Осы тұста атап өтерлік мәселе, белгілі бір табиғат нысанына жер қойнауын пайдаланушылардың зиян келтіру тұрғысынан қарастырғанда «шекті рұқсат етілген консентрация» (ШРК) деген тіркестің пайда болғаны. Мұның өзі осы көрсетілген норма мен мөлшерден аспаса болғаны, жерасты су көздерін ластай берсін деген ұғымды білдірмей ме?! Сондықтан ШРК талабын белгілеу мұнай өндірушілер үшін іздегенге сұраған дегендей ыңғайды білдіретін қажетсіз тетіктей көрінеді. Жарайды, солай-ақ болсын дейікші, ал енді ШРК-нің табиғи ортаға тигізетін зиянды әсері белгіленген нормадан асып кетіп жүрсе ше? Әрине мұндай жағдайда оның зардабы тіптен ауыр. Биыл Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті жүргізген профилактикалық бақылаулар жоғарыда атаулары көрсетілген бірқатар компаниялар осындай келеңсіздікке жол бергенін айқындап берді. Нақты деректерге сүйенсек, бақыланған ұңғымаларда ШРК 1,3-тен 8-ге дейін көтеріліп, екінші бір мысалда 1,66-дан 1,82-ге дейін өскеніне көз жеткіземіз. Яғни, профилактикалық бақылаудың нәтижесі көңілге кірбің түсіреді. Бұл дерек Көкжиде жерасты су көздері мұнай қалдықтарымен былғанып жатқанын білдірмей ме? Оның ластану көзіне айналуына әсер еткен басты факторлар қандай? Әзірге оны анықтау мен жою шаралары қолға алынбай отыр. Рас, өкілетті ұйымдар тарапынан алаңдатарлық ахуалға қатысты тиісті зерттеу жүргізу ұйғарымдары берілген. Алайда оның өзі басы бар да, аяғы жоқ жартыкеш күйінде қалып қоймасына кім кепіл?
Сонда не істеу керек? Бұл арада басты айыпкер жер қойнауын пайдаланушылар екені талас туғызбайды. Ендеше олардың мемлекеттік табиғи қорықтың тізіміне енген нысанға залал тигізу көріністерін реттеу тұтқаларын ойластыру керек.
– Мұның басты бір жолы – көмірсутегі шикізатын шығаратын компаниялардың Көкжиде құмды алқабындағы қызметі мен іс-қимылдарын жан-жақты бақылауға алу деп есептейміз. Бұл үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне тиісті ұсыныстарымызды жолдадық, – деді облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.
Көкжиде құмдары аумағында көмірсутегі шикізатын барлау мен өндірудің бірыңғай ережесін әзірлеу қажеттігі байқалады. Түсінген жан үшін Көкжиде құмдары мен Көкжиде жерасты суының табиғи тазалығына баға жетпейді. Оны ластау – қылмыспен тең әрекет. Бұған жол беріп қоюға болмайды. Бұл ақиқатты жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі құзырлы органдарда дәл осы мағынасында қабылдай білгені қажет-ақ.
Аталған орган мемлекеттік табиғи қорықтың қоры қатарындағы нысандардың жай-күйіне жан-жақты көңіл аударып, оның бірыңғай операторын белгілесе, бірқатар көлеңкелі көріністер азаяры анық. Сондай-ақ бүгінде Көкжиде жерасты суының геологиялық құрылысын қолға алу да күрделі күйінде қалып отыр. Жерасты суына табиғатты пайдаланушылардың ықпал ету ошағын табу – оның ағынының қозғалысын анықтауды қажет етеді. Осы жағдайда ғана әрбір жер қойнауын пайдаланушының әрекетіне мониторингтік зерттеу жүргізуге болады, дейді гидрологиялық мамандар.
Түйіндеп айтқанда, бүгінде Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты суының мөлшері мен пайдалану қорын қайта бағалау жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап отыр. Жауапты іс өз кезегінде тиянақты гидрогеологиялық барлау жұмыстарына соны серпін беруді жүктейді. Осы орайда басты кідіріс қаржыландыру көздерінің жеткіліксіздігінен орын алып отырғанын айтқан жөн. Толық барлау жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджет есебінен 300 миллион теңге қаражат бөлінген. Әйтсе де бұл шараға 1 миллиард 161 миллион 770 мың теңге көлемінде қаражат қажет екендігін ескерсек, бөлінген соманың тым мардымсыз екені байқалады.
Қазіргі алаңдатарлық мәселе – Көкжиде құмы мен жерасты суына байланысты белгіленген ауқымды жұмыстардың деңгейі тым баяу, жоққа тән, гидрогеологиялық жағдайы қыл үстінде тұр. Сондықтан бұл мәселе Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен табиғат пайдаланушылардың ұдайы назарында болуы тиіс.
Мызғымастай көрінген сеңнің қозғалуына ықпал ете алатын жәйттің бірі мемлекеттік сатып алудың веб-порталында ашық байқау жүргізу болмақ. Аталған рәсімнің биыл күз айларына дейін аяқталмай, сағыздай созылып келгені де қынжылтады.
АҚТӨБЕ