Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында арнайы тоқталып, мемлекет тарапынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі сақталатынын, оны қаржыландыруға келесі үш жыл ішінде 2,8 трлн-нан астам теңге бағытталатынын айтқан болатын. Медициналық сақтандыру қоры – тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы. Қор халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді Үкімет бекіткен тәртіп бойынша сатып алады. Мемлекеттік тапсырыс аясында елордалықтарға медициналық қызмет көрсету үшін биыл 95 медициналық ұйым Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшартқа отырған. Солардың бірі – Қазақ көз аурулары ҒЗИ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы. Қазір адамдардың көпшілігінің жұмысы компьютермен байланысты. Жұмыстан үйге келгенде тағы да теледидар алдында тынығамыз. Көзіміз күні бойы дамыл таппайды. Тіпті заманауи деген экранның өзі көзге зиян екені белгілі. Сондықтан көздің көру қабілетін сақтау жалпы адамзатқа ортақ мәселе боп отыр. «Көз жанарын күте аламыз ба? Көз сырқаттарынан тағайындалған дәрі-дәрмектерді уақытылы қолдану арқылы толық жазылуға бола ма, әлде ота жасау арқылы емделе ме? Медициналық сақтандыру жүйесінен не күтеді?» Осы және өзге де сауалдарға Көз аурулары ҒЗИ Астана қалалық филиалының директоры, жоғары санатты офтальмолог-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Әйгерім ТӨЛЕТОВА жауап берді.
– Әйгерім Серікбайқызы, елімізде көз ауруларының саны жылдан-жылға артып келеді. Тіпті егде тартқан адамды қойып, жасөспірімдеріміздің де көз жанары әлсіреуде. Өзіңіз жетекшілік ететін филиал бұл сырқаттың алдын алуға қаншалықты үлес қосуда?
– Қазақ көз аурулары ҒЗИ Астана қаласындағы филиалы 2010 жылдан бастап, тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде (ТМККК) елордамыз бен солтүстік аймақтарды жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмекпен қамтамасыз етеді. Бүгінде филиалда ересектер мен балалар арасындағы түрлі көз ауруларын тексеріп-анықтауда және емдеуде әлемнің жетекші өндірушілерінің заманауи құрал-жабдықтары пайдаланылады. Көз дәрігерлері (хирургтар) күрделілігі жағынан сан түрлі мыңдаған операция жасайды.
Рас, кейінгі жылдары көз аурулары бар науқастардың саны көбейіп кетті. Сонымен қатар көз аурулары да жасарып барады. 40-45 жаста-ақ катаракта немесе глаукомасы бар науқастар саны аз емес. Миопия да жасарды. Бұрын ең ертесі 5-6 жаста басталатын миопия, қазір, өкінішке қарай баланың 3 жасында-ақ анықталатын мысалдар көп. Мұның бірінші себебі – көру жүктемесінің жалпы күшеюі. Балаларды мектепке ерте дайындау, жалпы білім беру реформасы, яғни мектептердегі бағдарламалардың қиындауы. Жалпы, адамдардың, балалардың компьютердегі, түрлі гаджеттердегі кино, видео және ойындарға құштарлығы. Сонымен қатар жиі кездесетін соматикалық аурулар да көз ауруларына себеп болады. Қоршаған ортаның ластану деңгейін де ұмытпайық.
– Көз аурулары тұқым қуалай ма?
– Әрине, көз ауруларының арасында тұқым қуалайтын түрлері де бар. Мәселен, туа біткен катаракта, тұқым қуалайтын немесе туа біткен миопия. Торлы қабаттың түрлі дегенеративті аурулары, торлы қабаттың ісігі, яғни ретинабластома тұқым қуалайды. Ал ересектердің арасында кездесетін аурулардың бірі – біріншілік ашық бұрышты глаукома. Және басқа аурулар да бар.
– Адам көзінің қарауытып, көру өткірлігінің кемуі неге байланысты?
– Адам көзінің қарауытып, көру өткірлігінің төмендеуі түрлі себептерге байланысты пайда болуы мүмкін. Катаракта, яғни көз бұршағының бұлыңғырлануы мұның бір себебі. Ересектерде катаракта жалпы жас ұлғаюына байланысты қалыптасуы мүмкін. Сонымен қатар көздің қабыну ауруларында, миопияда, глаукомада, көздің жарақаттарында катаракта қалыптасады. Жалпы, ағзаның соматикалық ауруларында да, мысалы қант диабеті сияқты, және басқа соматикалық ауруларда да катаракта дамуы мүмкін.
– Катаракта басталған кезде көздің көру қабілетінде қандай өзгерістер байқалады? Яғни адам қандай клиникалық белгілерге көңіл бөлуі қажет?
– Катаракта басталған кезде көздің алыстан көру қабілеті төмендейді. Сонымен қатар көру сапасы нашарлайды. Науқастарымыз «көзім қарауытады» деп те айтады.
– Әйгерім Серікбайқызы, ал глаукома, яғни суқараңғылық неден пайда болады? Әлдебір көз жарақаттарынан не сырқат әсерінен бе, әлде ағзаның бейімділігінен бе?
– Глаукома көз ішінің прогрессивті қысымының оқтын-оқтын жоғарылауынан немесе көру қабілетінің төмендеуінен, сондай-ақ көз жарақаттарына немесе көздің қабыну ауруларына, миопияға және басқа көптеген себептерге байланысты пайда болуы мүмкін. Бұл ауру да тұқым қуалайтын аурулардың бірі. Азия халқында, өзіміздің халқымызда да жиі кездесетін глаукоманың түрі бұл көздің алдыңғы бөлігінің тар болғанына байланысты қалыптасатын жабық немесе тар бұрышты глаукома. Мұның себебі – жас келе көз бұршағының көлемі өседі, көздің алдыңғы камерасының тереңдігі азаяды. Көздің алдыңғы бөлігі тар болып, көз қысымының жоғарылауына әкеледі.
– Көздің торлы қабатының бұзылуы, көз қарашығына ет өсу, көз қабығының қабынуы – конъюктивит сырқаттары туралы да айта отырсаңыз. Мүмкін біз естімеген, білмейтін көз сырқаттар да бар шығар?
– Көздің торлы қабаты бұзылуының жиі кездесетін себептері – диабеттік ретинопатия, миопияда кездесетін түрлі дистрофиялық өзгерістер, торлы қабаттың сылынуы, торлы қабаттың ортаңғы тамырының тромбозы, жалпы қан қысымының жоғары болуына байланысты қалыптасатын ретинопатия, макула деп аталатын көз түбіндегі сары дақтың жарылуы, көздің шыны тәріздес денесіне қан құйылуы. Осы аурулардың алдын алу үшін офтальмологқа міндетті түрде қаралып тұру керек. Белгілі өзгерістер пайда болғанда профилактикалық немесе емдеу барысында лазерлік торлы қабаттың коагуляциясы жасалады. Бұл отаның мақсаты – пайда болған өзгерістердің ұлғаюын тұрақтандырып, асқынулардың алдын алу. Сонымен қатар торлы қабаттың ауруларын емдеу барысында клиникамызда тиімділігі және қауіпсіздігі дәлелденген люцендис препаратымен интравитралды инъекция жасалынады.
Көз қарашығына ет өсу дегеніміз, – птеригиум. Қазіргі таңда жастардың арасында да жиі кездесетін болды. Бұл патологияның емі – тек хирургиялық ем. Тіпті жақсы жасалынған отадан кейін де птеригиум қайталануы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу үшін арнайы пластика да жасалынуы керек.
Конъюктивиттер – тіптен жиі кездесетін шырышты қабаттың қабыну сырқаты. Жиі кездесетін себептерінің бірі де вирустар, бактериялар немесе аллергия. Емдеу барысында себебіне байланысты арнайы көз тамшылары тағайындалады.
– Көз сырқаттары алғаш анықталып, диагноз қойылғаннан кейін тағайындалған дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдау арқылы толық жазылуға бола ма, әлде ота жасау арқылы емделе ме?
– Әр ауру ерекшелігіне қарай әртүрлі. Маман-дәрігер емдеу тәсілін толық зерттеу нәтижесінде тағайындайды. Жалпы емнің толық және нәтижелі болуы науқастың сапалы тексерілуіне байланысты. Көз ауруы дәрі-дәрмекті уақытылы қолданумен қатар, ота жасау арқылы да емделеді. Мысалы, бүгінгі таңда кең тараған катаракта ауруы хирургиялық жолмен ғана емделеді. Операция кішкентай және микротілімдер арқылы жасалынып, көз ішіне жетік жасанды бұршақ енгізіледі. Бұл техника арқылы операция уақыты 10-15 минутқа дейін қысқартылып, науқастарымыздың көру жітілігі операциядан кейінгі бірінші күні-ақ жоғарылауға мүмкіндік береді. Глаукоманың емі консервативті және хирургиялық болуы мүмкін. Глаукома емінің мақсаты – көз іші қысымын қалыпты жағдайға келтіру және көру қабілетін тұрақтандыру.
– Жалпы көз ауруларының алдын алу үшін қалай күтіну керек? Арнайы жаттығулар мен ем арқылы сырқаттан сақтануға бола ма? Оқырмандарымызға кеңес бере кетсеңіз.
– Көз ауруларының алдын алу үшін офтальмологқа міндетті түрде қаралып тұру керек. Сонымен қатар саламатты өмір салтын ұстауға тырысу керек. Көз ауруларын емдеу және асқынулардың алдын алу үшін соңғы он жылдықта көптеген медикаментозды және арнайы жаттығулар да пайдалы болатыны дәлелденді. Бірақ арнайы жаттығуларды офтальмолог сырқаттың түріне қарай тағайындауы керек. Ең маңыздысы – офтальмологқа уақытылы барып, тексеруден өту. Тіпті көзі ауырған адамдар емес, көзі ауырмайтын адамдар да баруы керек. Мысалы, 40-тан асқан адамдар немесе тұқымында глаукомасы бар адамдар офтальмолог қабылдауында жиі болғаны дұрыс. Халық арасында жиі байқалатын көз сырқаты – глаукоманы зерттеу және ем нәтижелерін салыстыру үшін көз іші қысымы жиі өлшену керек. Сонымен қатар көру жүйкесінің дискі, көз түбі, көру кеңістігі де тексерілуі қажет.
– Алдағы жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Жаңа жүйеден не күтесіз?
– Медициналық сақтандыру жүйесі медициналық көмектің халыққа қолжетімділігін арттырады деген сенімдемін. Қандай да болсын, жоспарлы медициналық көмек кезегі – әлемдік қарапайым тәжірибе. Мұндай кезек бізде де бар, мысалы, витреоретинальды хирургия кезегі. МӘМС аясында қаржыландырудың көбеюі медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, витреоретинальды хирургия секілді қымбат тұратын жоғары технологиялық медициналық қызметтердің кеңінен енгізілуіне, диагностикалық ем-шаралардың қолжетімді болуына мүмкіндік береді деп үміттенеміз және солай болатынына сенеміз.
Еліміз тұрғындарының өз денсаулығына деген көзқарасы өзгеріп, ақпарат алу деңгейі артып келеді. Медициналық сақтандыру – алға қадам басу деп білемін.
Әңгімелескен
Жанаргүл ҮМБЕТОВА,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының Ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін