Ресейдің Сочи қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Валдай» халықаралық пікірталас клубының ХVІ пленарлық сессиясы әлемдік БАҚ назарынан тыс қалған жоқ. Әлемдік саяси құрылымдағы Шығыстың рөлін талқылауға арналған төрт күндік шара көптеген халықаралық сарапшылар мен БАҚ өкілдерінің жіті бақылауында болды.
Ресейдің «Аргументы и факты» газеті ауқымды пікірталасқа 37 елден 143 сарапшы қатысатынын хабарлаған. Биылғы отырыс шетелдік қонақтардың да панельдік отырыстарға қатысуымен ерекшеленетінін мәлімдеген. «Отырыстың алғашқы күні қызу талқылаулармен басталды. Қатысушылар әлем аренасында болып жатқан өзгерістер, ондағы негізгі ойыншылар туралы ойларымен бөлісті. Үлкен державалардың бірін-бірі мойындамауы да үлкен проблемаға айналғанын сөз етті. Осы орайда қытайлық сарапшылар алдағы кезде үлкен экономикалық өзгерістер болатынын, ол өзгерістерге Қытай компаниялары әсер ететінін айтып өтті», делінген газет хабарламасында.
Әзербайжанның Online News Agency агенттігі халықаралық жиында Әзербайжанның көп жылдан бері шешімі табылмай келген мәселесі Таулы Қарабах та назарға алынғаны туралы жазады. Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің Армения премьер-министрі Никол Пашиняннің «Қарабах – Арменияның жері» деген мәлімдемесіне жауабын да келтірген.
«Вестник Кавказа» газеті биылғы отырысқа шетелдік сарапшылардың көптеп келгенін, әр сарапшының өз ойы, пікірі мен алыпқосары барын баяндаған. Сонымен қатар саясаткерлермен бірге ғалымдар, университет ректорлары да, атап айтсақ, МГИМО ректоры Анатолий Торкунов та бой көрсеткенін жазады.
RT халықаралық телевизия желісі биылғы пікірталастың Батыстың әлем саясатындағы қарқыны мен үстемдігі бәсеңдегенін, әрбір делегат өз елінде түйінін таппаған мәселелерді атап өтуге тырысқанын хабарлайды. «Филиппин президенті Родриго Дутерте мемлекетіндегі есірткі проблемасы туралы баяндап, сарапшылар пікірін естуге мүмкіндік алды» делінген арна хабарламасында.
«Известия» газеті биылғы тақырыптың Шығысқа қатысты болуы тегін емес екенін жазады. Оған дәлел ретінде «Валдай» клубының қор кеңесінің төрағасы Андрей Быстрицкийдің «Кезінде «үлкен жетілік» ішкі жалпы өнімнің 70 пайызына әсер етсе, қазір тек 40 пайызына ғана үлескер» деген пікірін келтіреді. Сонымен бірге биылғы пікірталас тақырыптарының қатарына Африка мәселесі, әлемдік энергетика нарығы, ислам әлемі сынды тың тақырыптар енгенін мәлімдейді.
«Anadolu ajansı» агенттігі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің кездескенін, бұл Қ.Тоқаевтың алғашқы қатысуы екенін атап өткен. Сонымен қатар агенттік «Өз кезегінде Ресей Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақыртуды қабыл алғаны үшін алғыс білдірді. «Бұл тақырыптарда тәжірибеңіз мол, өзіңіздің пікіріңізді білу біз үшін қызық әрі пайдалы болмақ» деген В.Путиннің сөзін жариялады.
CNBC арнасы мемлекеттердің қорғанысы, әсіресе Қытайдың әрекеттері туралы әңгіме өрбігенін, Түркияның НАТО-ға қосылу мүмкіндігі туралы сөз қозғалғанын жазады.
Reuters халықаралық агенттігі «Штайнмайер формуласының» қызу талқыға түскенін, Палестина мен Израиль арасындағы шиеленісті шешу, Сириядағы соғыс мәселелері талқыланып, бірнеше ұсыныс болғанын хабарлайды. Осы ретте агенттік хабарламасында «Ресей Президенті В.Путин Азия әлемдік межеден асып, өмір сүру деңгейі жоғары болғандығымен ерекшеленетінін ескергенін, ең озық технологиялар белсенді енгізіліп жатқанын айтты» делінген.
The Jordan Times газеті Иордания Королі Абдалла II-нің қатысқанын, алқалы жиында әлемді алаңдатқан мәселелердің сөз болғанын, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана процесі аясында Еуропадағы келіссөздердің 13-раунды өткенін, Қазақстанның Ауғанстанға ерекше көңіл бөлетінін және қажетті көмек көрсететінін атап өткен. Оған қоса Қазақстан әрдайым дипломатияның және қарусызданудың дәйекті жақтаушысы болатынын да мәлімдеген.