Өткен аптада Перу президенті Мартин Вискара республика Конгресін тарататынын мәлімдеген болатын. Мұндай шешімге ел депутаттарының Мемлекет басшысының конституциялық сот реформасын қабылдамауы себеп болды.
Президент шешімімен келіспеген Парламент мүшелері Мартин Вискараның өкілеттігін 12 айға тоқтатуды ұйғарып, оның орнына вице-президент Мерседес Араосты тағайындады. Дегенмен Мерседес Араос отставкаға кететінін мәлімдеп, кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынды. Ол Twitter желісіндегі парақшасына «Мемлекеттің конституциялық тәртібі бұзылды. Мен вице-президент міндетінен де бас тартамын» деп жазды. Парламент мүшелері БҰҰ-ға мемлекет демократиясына нұқсан келді деген хат жолдап, орындарынан кетуден бас тартты. Вискара Парламент жұмысын тоқтату шешімінен кейін министрлер кеңесіне жаңа басшы тағайындады. Кеңес басшысы Сальвадора де Солараның орнына Әділет министрі Висенте Себальос келді.
Президенттің бұл әрекетін мемлекеттік қызметкерлердің көбі және елдегі оппозициялық топтар төңкеріс деп танып, Мартин Вискараға диктатор деген айып тақты. Ал Вискара өз кезегінде Конгресс таратылғандықтан, депутаттардың шешімінің заңды күші жоқ екендігін айтады. Ақпарат құралдарына сүйенсек, мемлекет полициясы мен әскері Мартин Вискараның жағында. Президенттің баспасөз қызметі оның мемлекеттің қарулы күштері, әскері, полиция басшыларымен кездескенін мәлімдеді. Басқосу Лимадағы президент сарайында өткен.
Перудің бұрынғы Сыртқы істер министрі Фернандо Роспильоси мемлекет Конгресінің конституциялық сотқа араласуға толықтай құқылы екенін айтты. «Сот өкілдерін тағайындау процесінің созылғанына он ай болды, ал мемлекет басшысы маңызды шешім қабылданатын соңғы күні депутаттарға жаңа мүшелер таңдауға мүмкіндік бермеді. Президенттің Парламентті тарату шешімі – заңсыз. Бұл – соңғы 35 жылда Латын Америкасында орын алған төңкерістердің бірі», деді Ф.Роспильоси. Сонымен бірге экс-министр президенттің билікте ұзақ қалатынына күмән келтіретінін де жеткізді. «Қазір, әлбетте, оның сөзі өтімді, бірақ бұл ұзаққа бармас, жақсылыққа да алып келмесі анық», деді ол.
Ал Конгрестің бұрынғы мүшесі, «Жаңа Перу» партиясының өкілі Таниа Париона мемлекеттегі жағдай қалыпты екенін, ешқандай төңкерістің болмағанын айтты. «Мемлекетімізде ешқандай төңкеріс болмағанын, диктатураның да жоғын жеткізгім келеді. Конгрестің таратылуы конституциялық тұрғыдан орынды, заңды», деді өз сұхбатында. The New York Times газеті мемлекеттегі саяси дағдарыстың негізгі себебін елдегі белең алған сыбайлас жемқорлықпен байланыстырады. Бұл болжамды Таниа Парионаның «Парламенттегі «Халық күші», «Перудің Априста партиясы» сынды партиялар ұзақ жылдар бойы жемқорларды жасырып келді. Олар сыбайлас жемқорлық әрекеттері арқылы Парламенттегі орындарын сақтап қалмақ» дегені растай түскендей.
Бүгінгі таңда аталған қос партияға қатысты іс жүргізілуде. Бұл тергеулер Lava Jato операциясының негізінде жүріп жатыр. Сонымен бірге экс-конгресмен Парламентті тарату әрекеті мемлекеттегі сыбайлас жемқорлық мәселесін шешуге көмектеспейтін жеткізді.
Ал Перу халқы болса Мартин Вискараны қолдап отыр. Соңғы оқиғаларға байланысты мемлекет астанасы Лимада халық бой көтеріп, наразылық танытты. Ал депутаттар шешімімен келіспеген Вискара жазда Парламент сайлауын өткізуді ұсынып отыр. Алайда негізінен оппозициялық партиялардан тұратын Конгрестің бұл шешімді қабылдауы екіталай.
Мартин Вискара мемлекет басына 2018 жылы наурызда келген еді. Оның алдындағы президент Пабло Педро депутаттарды сатып алмақ болды деп айыпталып, қызметінен кеткен болатын. Перу Парламентінің таратылуы бірінші рет емес. Тарихқа көз жүгіртсек, 1992 жылы мемлекет басшысы Альберто Фуджимори реформалар мен жаңартулар енгізу үшін депутаттарды отставкаға жіберген еді. Дегенмен оның негізгі жоспары іске аспай, мемлекеттің демократия жүйесін құлдыратты. Мартин Вискараның шешімі мемлекеттегі басты проблемаға айналған сыбайлас жемқорлықты тоқтатары, не 1992 жылғы жағдайды қайта туғызары белгісіз. Оны уақыт көрсетеді. Мартин Вискараның Парламент мүшелерінің шешімін қабылдаудан бас тартқанын ескерсек, жағдайдың одан әрі ушыға түсуі ғажап емес.