• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қазан, 2019

13 меморандумға қол қойылды

233 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласында Jetisy Invest-2019 халықаралық бизнес-форумы өткізілді. Форумға қатысушылар жалпы сомасы $859,7 млн болатын 13 жоба бойынша коммерциялық келісімдерге қол қойды.

Іс-шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев, сондай-ақ әлемнің 7 елінен дипломатиялық корпустың, ірі отандық және трансұлттық компаниялардың, шетелдік және отандық бизнесмендердің, мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының 400-ден аса өкілі қатысты.

А.Баталов атап өткендей, әлемдік экономикалық дағдарыс пен жалпы инвестициялық ағынның төмендегеніне қарамастан, 2014-2016 жылдары Ал­маты облысындағы ішкі инвестиция­лар 27%-ға өсті, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы шикізаттық емес өңірлер ішінде сыртқы инвестиция­ларды тарту бойынша бірінші орынға шықты, оның көлемі жыл сайын 2016 жылдан бастап 20%-ға өсуде.

Өз кезегінде Б.Қанешев елде инвес­ти­циялық қызмет үшін қолайлы климатты ұстаудың маңыздылығы туралы айтып берді. «Ел Үкіметі үздік әлем­дік тәжірибені тартуды және енгізуді тапсыра отырып, мемлекеттегі инвес­тициялық климатты жақсарту үшін бір­қатар реформа жүргізді. Қазіргі уақыт­та бізде шетелдік бизнесмендерді сүйе­мелдеудің үш деңгейлік жүйесі қызмет етеді. Сыртқы деңгейде Қазақстанның шетелдік өкілдіктері, орталық деңгейде «KAZAKH INVEST» және үшінші деңгейде «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ететін өңірлердегі фронт-офистер», деді ол.

Сондай-ақ өңірдегі өздерінің сәтті тәжірибелерін Leroy-Merlin, «Маревен Фуд Тянь-Шань», «Waste Energy KZ», «АрКазИнвест», тағы басқа ірі және трансұлттық компаниялардың өкілдері баяндап берді.

Сонымен қатар форум барысында өңір ЖЭК жобаларын іске асыру үшін қолайлы екені айтылды. Осылайша Қазақстандағы 74 жаңартылатын энергия көздерінің 24-і Алматы облысында жұмыс істейді. Ірі сингапурлық инвестордың қатысуымен Universal Energy компаниясы салған қуаттылығы 100МВт болатын Қазақстанның ірі күн электрстансаларының бірі қыркүйек айында іске қосылды. Келесі жылы осы компания әрқайсысының қуаттылығы 50МВт болатын екі күн және жел электрстансаларының іске қосылуын жоспарлауда. Бұдан басқа, ЖЭК 28 жобасы іске асырылудың түрлі кезеңдерінде.

Бүгінгі күні Алматы облысы бойынша «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мониторингтік жүйесінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы $3,8 млрд құрайтын 34 жоба бар. Оның ішінде 12 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, 12 жоба бойынша жобалық құжаттама әзірленуде, ал 10 жоба өңірде іске асыру үшін пысықталу кезеңінде. Жалпы, жыл соңына дейін 1200 жұмыс орны құрылатын 10 жобаның іске асырылуы жоспарланған.