Осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде «Тілге құрмет – елге құрмет» атты акция өтті. Подполковник Медет Есембаев басшылық ететін, Қостанай қаласында орналасқан 6697 әскери бөлімде аталған акция аясында бірқатар шаралар ұйымдастырылды.
Санаға серпіліс берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай әскери бөлімнің бөліністер арасында «Тілдер – халықтар достығының елшісі» атты фестиваль өтті. Фестивальдың мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін асыру және өзге этностардың тілдерін құрметтеуге шақыру.
Фестивальға Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облысы филиалының өкілдері, «Достық» үйінің түрлі этностық бірлестіктерінің өкілдері шақырылды. Мерейлі мерекені сайыс түрінде ұйымдастырып, өнерлі сарбаздардан құралған төрт команда сахнада түрлі этностардың мәдениеті мен ұлттық тағамдарын кеңінен таныстырды. Мысалы, 1 жедел мақсаттағы ротасы неміс, 2 жедел мақсаттағы ротасы украин, 1 атқыштар ротасы ұйғыр, материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасы қазақ ұлтының салт-дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан көріністер ұсынды. Жоғары деңгейде өткен фестивальде Қостанай қалалық филармониясының әртістері өнер көрсетті. Шарада шырқалған әндердің дені патриоттық тұрғыда болды. Аталған тіл фестивалінде материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасынан құралған қазақ ұлтының командасы жеңімпаз атанды. Көздің жауын алар ұлттық киімдері мен билері өзге қатысушылардан басым түсті. Сондай-ақ Қостанай қаласының Өлкетану мұражайы да іс-шараға арнап, түрлі этностардың мәдениетінен сыр шертетін жәдігерлерін ұсынды.
Әскери бөлімде акция жалғасы ретінде «Қазақ тілінің латын графикасына көшу» тақырыбындағы дәрістер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор Қалыбек Дербисалдинмен кездесулер, «Тіл шебері», «Мың бір мақал-мәтел» байқаулары, «Өз халқыңның тарихын және дәстүрін білесің бе?» атты викториналар және «Тілдер және ұлттық код» тақырыбында Елбасы сағаты ұйымдастырылып, «Мемлекеттік тілде оқимыз» кітап көрмесі ұсынылды.
Қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту – барша қазақстандықтардың міндеті. Бұл міндетті жүзеге асыруда Ұлттық ұлан қатарында борышын өтеп жүрген, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерінен құралған әскери қызметшілер де атсалысып жүр. Мұндай үлгілі жандар әскери бөлімдерде аз емес.
Мұратбек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
майор
ҚОСТАНАЙ