• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 08 Қазан, 2019

«Өмірбұлақ»: Меценат туған ауылына махаббат ескерткішін тұрғызды

633 рет
көрсетілді

Алматы облысы Ескелді ауданының аумағында белгілі ғалым, Д.Қонаев атындағы заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаиридің мұрындық болуымен «Өмірбұлақ» атты махаббат ескерткіші ашылды.

Талдықорған мен Текелі қа­ла­­ларын жалғап жатқан күре жол бойындағы бұлақ басына қойылған ескерткішке меценат 20 миллион теңге қара­жат жұм­сапты. «Туған жер» бағдар­ламасы ая­сында өзі өс­кен өлкені өркендетуге үлес қосып жүрген ғалым енді бұл жерде жүрек жарастығымен ша­ңы­рақ көтеретін жұбайлар келіп, өмір бұла­ғынан бірге сусындайтынына се­німді.

– Біз зайыбым Кәшипа екеу­міз де осы Жетісу ауылының орта мек­тебінде оқығанбыз. Екеу­міз тұңғы­ш рет осы бұлақ басында танысып, кейіннен дәм-тұзы­мыз жарасып, шаңырақ көтердік. Ұлдарымызды ұяға, қыз­дарымызды қияға қонды­рып, немерелердің қызығын көріп отырмыз. Міне, екеуміз­дің отау құрғанымызға та­баны күректей елу жыл толып отыр. Жар­тығасырлық мерей­тойы­мыз­дың құрметіне осы махаббат ескерт­кі­шін орнатып отырмыз. Ондағы мақ­сатымыз – осы тасмүсін мәңгілік махаб­баттың символы ретінде осында келіп, бұлақтың суынан дәм татқан жас жұбайлардың да махаббаттарының мөлдір болуына ықпал етіп, біздің жолымызды берсін деген тілегіміз еді, – деді мүсіннің ашылуында сөз алған Қонаев атындағы заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири.

Осы ескерткіш-стелланың ашылу қарсаңында Өмірәлі Шәкәрәпұлы мен жары Кәшипа апайдың отау құр­­ғанына 50 жыл толыпты. Алтын тойдың куәсі болып, махаббат сте­л­ла­сының ашылу салтанатын көруге об­лыстық мәслихаттың хатшы­сы Сұл­тан Дүйсенбинов, об­лыстық Мә­дениет сарайының директоры Әли Алпысбаев, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, облыстық Мә­де­ниет басқармасының бас­шысы Марлен Көлбаев, Ескел­ді ауданының әкімі Рауан Ра­қымбеков, Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев, Көксу ауда­нының әкімі Алмас Әділ және  қазақ эстрадасының танымал актерлері  қа­тысты. Шарада сөз алған Сұлтан Дүй­сенбинов игі іске арқау болған меценат Өмірәлі Шәкәрапұлына алғыс білдіріп, алдағы уақытта да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жү­йелі істер атқарылатынына сенімі зор екенін білдірді. Сон­дай-ақ жаңа өмірге аяқ басып, отау құрғалы тұрған 2 жұп осы махаббат ескерткішінің жа­нына келіп, қуанышты сәттің куәсі бол­ды. Жас жұ­байларға қуаныш иеле­рінің атынан шағын сыйлық табысталды.

 

Алматы облысы