«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының шешімімен Юлия Якупбаева Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Юлия Якупбаева 1977 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша аяқтады. 20 жылдық еңбек өтілі ішінде қатардағы маманнан бастап жоғары буын жетекшісіне дейін өскен.
Әр жылдары ҚР Ұлттық банкі, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы, «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасында қызмет еткен. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған (2014 жыл қазан – 2019 жыл сәуір).
Юлия Якупбаева Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығын басқарды (2017 жыл ақпан – 2018 жыл тамыз). Бірқатар компанияның тәуелсіз директоры - Директорлар кеңесінің мүшесі болған («Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ). Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Басқармасының мүшесі.
2017 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі. 2019 жылдың сәуір айынан қыркүйек айына дейін «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасының кеңесшісі болды.
Мемлекеттік және қоғамдық наградалардың иегері. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасы, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығының «Мерей» қоғамдық орденімен, «Атамекен» ҚР ҰКП «Ісіне адалдығы үшін» ІІ дәрежелі медалімен марапатталған.
Осыған дейін аталған қызметті атқарып келген Алена Романова «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атқарушы хатшысы болып тағайындалды.