Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия елорда тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және тұтынушылар құқықтарын қорғау тақырыбына арналған кеңейтілген отырыс өткізді.
Аталған комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтановтың басшылығымен өткен жиында Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов және «Астана су арнасы» МКК бас директоры Табиғат Зейнұлқабден өз баяндамаларын жасады. Отырысқа заң шығарушы, атқарушы орган және сот өкілдері, «Астана су арнасы» МКК-нің, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Комиссия мүшелері елдің су ресурстарын ұлттың гендік қорын сақтауға қызмет ететін маңызды стратегиялық объектілер ретінде қорғаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Елорда халқын сапалы сумен қамтамасыз етудің, тұтынушылардың құқықтарын сақтау мәселелері мен оларды шешудің жолдары талқыланды. Отырысқа қатысқандар өз ұсыныстарын білдіріп, «Астана су арнасы» МКК-нің жұмысына қатысты ойларымен бөлісті.
Баяндама жасағандар инфрақұрылымдық міндеттерді – жаңа және сапалы су алу құрылғыларын, су құбырларын, коммуналдық желілер салу арқылы судың жеткізілуін қамтамасыз ету міндеттерін шешудің қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында комиссия мүшелері мен сарапшылар астана тұрғындарын ауыз сумен толық қамтамасыз ету, сондай-ақ тарифтік жоспарды қайта қарау мәселесін талқылады. «Астана су арнасы» МКК бас директоры Табиғат Зейнұлқабденнің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының ауыз су тарифі республика бойынша 11-орында. Сонымен қатар ұйым басшысы қазіргі кезде арнайы білімі бар техникалық мамандардың жетіспеушілігі барын айтып өтті.
Оған қоса, Комиссия отырысында 16-27 қыркүйек аралығында Варшава қаласында өткен ЕҚЫҰ жыл сайынғы кеңесінің қорытындылары талқыланды. Қуаныш Сұлтанов тұжырымдар мен ұсыныстар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкіметтің назарына жеткізілетінін мәлімдеді.