Шымкентте кәсіпкерлер мен инвесторларға қызмет көрсететін бірыңғай орталық жұмыс істейді. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын қамтамасыз ететін бұл орталық қызметіне жүгінетіндердің қатары күн өткен сайын артып келеді.
Қазіргі таңда фронт-офис мамандарының қызметіне 5 мыңға жуық адам жүгінген. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов аталған орталық бизнес өкілдерінің басын қосатын алаңға айналу керек екенін айтты. Сонымен қатар қала басшысы инвесторларды ең алдымен қаланың инвестициялық мүмкіндіктері қызықтыратынын көлденең тартып, ол қызметті ұйымдастыруда негізгі қадамдарын жеңілдетілген форматта сипаттауға баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.
«Бизнеске арналған үкімет» жобасын «SHYMKENT» ӘКК» АҚ мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірге жүзеге асыруда. Бұл жұмыстар бизнес мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ инвесторларды тарту мақсатында ел Үкіметінің инвесторлар үшін «бір терезе» фронт-офистерін құру туралы тапсырмасының негізінде жүзеге асты.
Аталған үдерістерді оңтайландыру, кәсіпкерлер мен инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді кеңейту мақсатында мемлекеттік кірістер және көші-қон қызметтері департаменті мен «Қазпошта» АҚ қызметтерін «бір терезе» арқылы біріктіру туралы шешім қабылданды.
Мұнда инвесторлар мен кәсіпкерлерге 9 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда: мемлекеттік қызметтер көрсету, жобаға қолдау көрсету, маркетингтік қызметтер, бухгалтерлік қызметтер, мемлекеттік сатып алу бойынша кеңестер, CT KZ сертификаттарын беру, қаржы ұйымдары мен даму институттарының қызметтері, бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қызметтер, көші-қон мәселелері мен кеден, салық мәселелері.
«Бизнеске арналған Үкімет» нарықтағы өзгерістерді, мемлекеттік саясаттағы, экономикадағы, заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, сәйкесінше, үнемі жаңарып отырады.
ШЫМКЕНТ