Аристотель: «Би – адамның мінез-құлқын, ішкі жан-дүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі...» деген екен. ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдан бастап балетмейстер, би өнерінің шебері Жан Жорж Новердің (1727-1810) туған күніне орай халықаралық би күні мерекеленеді. «Балет өнерінің атасы» ретінде тарихта қалған француз реформаторының «Би мен балет жайлы хат» атты туындысы кез келген балет мектебі үшін әлі күнге дейін құнды құрал саналады. Мұнда балеттік қойылымдардың қыр-сыры, пантомимо және би өнері туралы егжей-тегжейлі жазылған еді.
Мамандардың пікірінше, тіл жеткізе алмайтын жайтты бимен өрнектеуге болады, би іш, арқа, аяқ бұлшық еттерін нығайтады, бойды жеңілдетіп, сергектік сыйлайды, омыртқа мен буындардағы қан айналымы мен зат алмасуын жақсартады. Рухани тұрғыдан да көркемдік-эстетикалық мәдениеттің қалыптасуын қамтамасыз ететін бекзат өнердің орны бөлек деп білеміз. Мәселен, ағылшын маманы Х.Эллис би өнері арқылы екі адам бір-біріне энергия, мықты қуат бере алады деп есептесе, кәсіби зерттеушілер дене қозғалысының астарында жан қозғалысы жасырынып жатыр деген тұжырымды алға тартады. Еуропалық билер мен латын-америка биі спорттық бал билері тобына жататыны мәлім. Өйткені бұларда спорт ойындарының элементтері көптеп кездеседі. Ал сальсо, танго, самба, кумбия, болеро, румба сынды би түрлерін тамашалаған жұрттың ғажайып сезімге бөленетіні өз алдына бөлек әңгіме.
Жұмыстан шаршап, жүйкесі сыр бере бастаған адамға психологтардың музыка әуенімен билеуді талап етіп жататыны да тегін болмаса керек-ті. Өйткені бұл ғылыми дәлелденген жайт. Кез келген адам күйзелісті бастан кешуі ғажап емес. Сондай сәтте би қимылдарын жасау арқылы қиындықты жеңіп шығуға болады, билеген жанның иммунитеті күшейеді деген де сөз бар. Тіпті шалқаю, иілу, бүгілу арқылы көздің қан айналымына дейін реттелетін көрінеді. Жалпы би өнерінің басқа өнер түрлеріне ұқсамайтын өзгеше қырлары өте көп. Бірақ соған қарамастан әнші мен бишіге, драмалық және опера театрлары мен би театры әртістеріне бірдей талап қойылып жатады. Бишілердің Кеңес одағы тұсындағы жеңілдіктері алынып тасталды. Сөйтіп зейнетке шығу тәртібі бәріне бірдей ортақ болып кетті. Мақсат – осы мәселеде алдағы уақытта шешілуге тиісті қандай түйткілдер бар деген төңіректе ой өрбіту еді. Мысалы, «Наз» мемлекеттік би ансамблінде жасы қырықтың бел ортасынан асқан бишілер сахнадан түспей, өнер көрсетіп жүр. Сала мамандары осыған қатты алаңдаушылық білдіруде. Бұл барып тұрған қиянат, өнер иесін жете бағаламау, би өнерінің ерекшелігін ескермеу деп есептейді. Тек ертеңгі күннен үміттерін үзбеген өнер иелері бұл мәселені газет бетінде арнайы көтеруімізді сұрап, өтініштерін жеткізген. «Әншейінде әлеуметтік желіде жасы орта жастан асқан адамдардың тойлардағы биін жабыла сынап-мінеп жатады ғой халық, ал енді мұндайда жасы қырық пен елудің арасындағы бишілерді сахнаға шығару қаншалықты қисынды?» деген ой айтқан. Оларды ысырып тастау тағы мүмкін емес. Содан кіл желкілдеген жастармен бірдей тұрып өнер көрсетулеріне тура келеді. Өйткені би – олардың кәсібі. Қайда барады? Қырықтан кейін басқа кәсіпке ауысып, мамандық өзгертуге адамның бәрі бірдей қабілетті бола бермейді. «Біз бұрын 40 жастан бастап зейнеткерлікке шығатынбыз. Кеңес одағы тұсында 20 жыл сахнада билеген биші міндетті түрде зейнеткерлікке шығуы керек еді. Бірақ ол заң өзгеріп, бишілер де қарапайым еңбек адамдарымен теңестірілді», – деген Наз» би мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері Қадиша Ермекбайқызы дене қимылдарынан пайда болатын түрлі кәсіби жарақаттарды жеңу де бишілерге оңай соқпайтынын әңгімеледі, ет пен сүйектің арасындағы сіңір үйкелуінен болатын дертке шалдыққан жандардың тағдырына алаңдаушылық білдірді.
Сөйтіп жасы келіп, рөлден тыс қала бастаған бишілерге жаңа заман талабына сай курстарда оқып, басқа кәсіпке мамандансын деген талап қойыла бастапты. Мән берсек, бұл – тығырықтан шығарар тиянақты жол емес және де би өнерінің келешегін ойламай айтылған сөз. Өйткені ешкім өз тағдырының тұйыққа барып тірелгенін қаламайды, екінші рет кәсіп жаңғыртуға мүдделі бола бермейді. Кей мағлұматтар бойынша бірқатар елдерде бишілер 40 жастан бастап зейнеткерлікке іліксе, ал Ресейде 20 жыл сахнада билеген адам құрметті еңбек демалысына шығуға толық құқы бар екен, көршілес қырғыз ағайындарда да солай деседі. Біздің бишілердің олардан қай жері кем?!