Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын Сарыарқаның кенезесін кептірмей, шөліркеген далаға нәр беріп ағатын Есіл мен Нұра өзендерінің арасындағы жалпақ жонда сонадайдан көрінетін жалғыз биік Тайтөбе шығар-ау.
Нұра өзені піл сауырындай Тайтөбені оң жағымен қапталдай айналып өтеді де, көз ұшындағы Қорғалжын қопасына тіке тартады. Егер осы биіктен қарағанда алақандай болып көрінетін алаңқайға зер салсаңыз, Тайтөбенің жанамалап өтетін өзенге бір жағынан кіріккен түбектей болып көрінетіні бар. Осылайша Тайтөбе тек батысынан, нақтырақ айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы жағынан ғана жол түсетін табиғаттың өзі ғажайып шеберлігімен орналастырған табиғи бекініс сипатына енеді. Есте жоқ ескі кезеңнің дәстүріне зер салсаңыз, орта ғасырлық қоныстардың барлығы тұтқиыл шабуылдардан қорғану үшін осындай ұтымды жерлерге орналасқан.
Бір ғажабы, еңсесі онша биік емес Тайтөбенің ұшар басына шықсаңыз, жанарың жетер жердің бәрі алақанға салғандай анық көрініп тұрады. Жалпақ жонның киесіндей болып тұрған ең биігінде Нияз би кесенесі бар. Нияз би кім болып еді деген сауал да туындауы мүмкін. Айта кетелік, Нияз Тілеуліұлы он жетінші ғасырда ғұмыр сүрген Алаштың абзал ұлдарының бірі. Табиғат сыйлаған тамаша таланты, тапқырлығы мен зеректігінің арқасында Абылай ханның бас билерінің бірі болып оң жағынан орын тиген. Арғы тегі Ұзын қыпшақтың алпыс тармағынан тарайды деседі. Қара қылды қақ жарған әділдігіне тәнті болған Абылай хан Нияз бидің бойындағы кісілік қасиетін айрықша сыйлаған. Сол әділдігінің арқасында ел ішінде қиянатқа жол бермей, татулық пен тұтастықты сақтай білген. Билік айтқанда, дауласушы екі жақ та билігіне разы болған. Өмірінің басым бөлігін Қараөткел мен Көкшетау төңірегінде өткізген. Жастық шағында осы өңірлердегі от ауызды, орақ тілді билердің жанында көп болып, тәлім-тәрбиесін алған. Ат жалын тартып мінген соң Есіл, Нұра жағасын жайлаған көдедей қалың елді аралап, Атбасар, Қараөткел атырабын жайлаған жалпақ жұртқа билік айтқан.
Елдің игі жақсылары жиналған мәжілістерде елдік пен ерлікті, бірлік пен бәтуаны отты сөзіне өзек еткен. Адам бойындағы кісіліктің, адамгершіліктің тіні үзілмеуі керектігін уағыздаған. Ел ішінде Нияз би айтты деген аталы сөздің жұқанасы әлі де кездеседі.
Бидің бар ғұмырын бажайлап зерттеушілер қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының бір кезде Ақмола атануының төркінін де Нияз би қабірінің басына орнатылған ақ моламен байланыстырады. Заманында Нияз, Кенжетай билердің нұсқауымен қалың қыпшақ Торғай өзенінің алқабындағы қазіргі қоныстарына 18 ғасырдың соңында келіп мекендесе керек. Нияз биден Айдарлы, Байдалы, Жақсылық, Айдарбек, Байғозы ұрпақтары тарайды.
Бидің әкесі Тілеулі жасанған жауға қол бастап аттанған атақты батыр. Тоқсан екі баулы қыпшақ жұртының құрама қолын басқарған. Аңырақай, Қалмаққырылған, Қалақұм тәрізді қиян-кескі шайқастарда өлмес-өшпес, ғажайып ерлік көрсеткен Абылай ханның жеңімпаз батыры болыпты.
Нияз би тәрізді ұлы билердің қазақ халқы үшін сіңірген еңбектері, игілікті істері кейінгі ұрпағына өміршең өнеге. Сондықтан да, бар мұраты ел мерейімен байланысып жатқан аталардың көкірегіндегі аяулы арманның ұшқынын кейінгі ұрпақ бойына дарыта жүрсе, әсте артық болмайды.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы