• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қазан, 2019

Ардагер диқандар алдыңғы шепте

228 рет
көрсетілді

Биылғы егін орағы диқандар үшін оңай-оспақ шаруа болмады. Жаз бойы сирек жауған жауын дәл егін орағы кезінде құйып берсін. Қаншама қолбайлау, оның үстіне көктемдегі егіс кеш аяқталып, дән де толысып, пісіп-жетіле қойған жоқ.

Астық үшін арпалыста әбжіл­дік танытқандар ардагер­лер болды. Есіл ауданына қарасты Юби­лейное ауылындағы «Но­воприреченское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл сайын 38 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын себеді. Агро­техникалық шараларды уақ­тылы жүргізу арқылы биыл да төккен терлері ақталып, тәп-тәуір өнім жинап отыр.

Серіктестікке кешегі кеңес заманында қырық жылға жуық кеңшар басқарған білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Вале­рий Тюркин басшылық жасайды. Жасы жетпіске жуықтап қалса да, қартайдым, қажыр-қай­ратым кеміді деп шау тартып отырған жоқ. Жаңалыққа жаны құмар. Әсіресе егін шаруа­шы­лығындағы тәжірибеде тиімділігі дәлелденген озық технологияға құштар. Алыс-жақын жерде ақық дән аялаудың ілкімді әдісі туралы соны жаңалық құла­ғына жетсе болды, барып, бақай­шақ­тап біліп, танысуға талпынып тұрады. Сол ізденісінің нәти­жесінде өзі басшылық жасайтын серіктестіктің серпіні кең қанат жайып келеді. Тіпті, әлемдегі ең озық тәжірибелерді игеруге деген талпынысы да атап айтуға тұрарлық.

Шаруашылық басшысының ұзақ жылғы серіктестері де бар. Мәселен, жетпістегі қария Виктор Лескин ілкі замандағы даңғайыр диқандардың көзі. Ұзақ жылдар бойы «СК-4» комбайнымен жұмыс істеген. Өнімділігі онша жоғары емес осы комбайнмен-ақ талай шаруаны тындырған. Серіктестік қаржылық қор жинап, жаңа астық комбайндарын алғаннан соң көзі ашылды. Қазір өнімділігі өте жоғары, шетелдік қуатты техниканы ұршықтай үйіреді.

– Еңбек жолымды бастаған кезде қиындықты көп көрдік, – дейді еңбек ардагері, – ол кездегі астық комбайндарының кабинасы да болмайтын. Күзгі қара суықта кеулеген суық жел етіңнен өтіп, сүйегіңе жететін. Қазір мына комбайндар тамаша ғой. Бұрынғымен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Биылғы науқан басталғалы жиырма күн­дей жаңбырдың салдарынан қаңтарылып тұрып қалдық. Күн сәл ашылып еді, есесін қайтарып жатырмыз.

Серіктестікте дәл осындай жиырмаға жуық шетелдік комбайндар бар. Астық үшін арпалыста еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін күш жұмылдырған соң қимыл-қарекеттері де өнік.

– Егін орағы диқандар үшін өте жауапты науқан, – дейді серік­тестік директоры, – бүгінгі заманда ауыл шаруашылығын жаңаша ұйымдастыру қажет. Онсыз алға баса алмайсың. Рас, бұрын да тәуір өнімге қол жет­кізіп жүрдік. Ол кезде топырақ құнарлы болатын. Біз табиғаттан алуды білгенмен, беруге енжармыз ғой. Сондықтан ең алдымен алқап құнарын ойлауымыз керек. Екіншіден, «не ексең со­ны орасың» дейтін қағида бар. Тұқымың тәуір болу керек. Әне бір жылдардағыдай қоймаға күз­де кіргізіп, көктемде шығарсаң тәуір өнім ала алмайсың. Оның үстіне осы салада еңбек еткен соң жаңалықты жаныңа серік ет, сонда бағың жанады. Кана­да­ның диқандарына бірнеше рет барып, тәлім алып қайттым. Қазір әлемдегі озық үлгінің сана­тындағы диқандардың тәжіри­бесін жүзеге асырып жатырмыз.

Басшының айтуына қара­ғанда, астық үшін арпалысқа ар­дагерлерді араластыру жұмыс қолының жетіспеуінен емес екен. Біріншіден, дүбірге құлақ түрген тұлпарлардай бар ғұмырын ас­тықты алқапта өткізген ардагер диқандар сарыала күзде алтындай жалтылдаған, сары сағымға бөленген астық алқаптарына аңсары ауады. Нәтижелі еңбекке деген сарытап сағыныш. Кешегі үзеңгі қағыстырып бірге жүр­ген замандастарының көңіл құш­тарлығын осылайша басқысы келеді. Екіншіден, олардың қа­жыр­лы еңбегі жастарға өнеге. Жастары жер ортасынан асқан ақса­қалдар бел буып еңбек етіп жатқанда, қарап тұруға жастар­дың да дәті шыдамас.

Биылғы бидайдың көлемі көп болмағанымен, сапасы жақсы екен. Әрі дәл қазір баға да тәуір. Шығынның есесі сол арқылы қайтып оралмақ. Бір оңтайлысы, серіктестік жинаған дәнін алысқа тасымайды. Өздері бірнеше жайлы астық қоймасын салып алған.

Тасымалдау шығынын мей­лінше азайтуды да ойластырыпты. Ертеректегі қызыл қыр­маннан дән таситын автопойыз­дар тәрізді. Серіктестіктің жүр­гізушісі Николай Булько үш тір­кемемен астық тасымалдап жүр. Есесіне, үш есе жанар-жағармай аз жұмсалады. Бүгінгі кейбір жа­ңалық кешегі өзіміз көрген дү­ниенің жаңаша жаңғыруы тәрізді.

Қазір облыс диқандары соң­ғы айналымдарда жүр. Жаңа ас­тықтың жорығы тәмамдалуға таяу. Бар қауым жан алып, жан беріскен еңбек жорығында арда­герлердің алдыңғы шептен табылуы қандай ғанибет.

 

Ақмола облысы,

Есіл ауданы