Елордада қалалық туризмді дамытуға арналған VIII UNWTO жаһандық саммиті өтуде. Айтулы шара «Ақылды қалаларды» дамыту тақырыбына арналып, онда мегаполистердегі өзекті мәселелерді шешу, қаланы басқару, тұрақты даму, инновациялар мен технологиялық жетістіктер жайлы кеңінен сөз болды.
Туризм – тиімділігі жоғары сала
Саммитке қатысқан Премьер-Министр Асқар Мамин бүгінде туризм үлесіне әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 10%-ы, инвестициялардың 7%-ы, жұмыс орындарының 10%-ы және барлық салық түсімдерінің 5%-ы тиесілі екенін атап өтті.
– Қазақстанның туристік секторы соңғы 10 жылда орта есеппен 7%-ға өсті, бұл экономиканың қалған бөлігіндегі өсу қарқынынан шамамен 3%-ға жоғары. Туризм біздің экономиканы әртараптандырудың маңызды факторларының біріне айналуда. Бұл салада өндірілген ІЖӨ үлесі 10 жылда екі есеге өсті, – деді Үкімет басшысы. А.Маминнің айтуынша, 2019-2025 жылдарға арналған туризм жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Онда туризмнің ІЖӨ-дегі үлесін 8%-ға арттыру және экономиканың жетекші 5 саласының біріне айналдыру көзделген. Бағдарламаны іске асыруға шамамен 4 млрд доллар қарастырылған. Оның 70%-дан астамы – жеке инвестициялар есебінен. Туристік секторда жұмыспен қамтылған қазақстандықтар саны 50%-ға немесе 650 мың адамға дейін артады деп күтілуде. Шетелдік туристер ағымы үш есе артып, 9 млн адамнан аспақ. Сөйтіп межеленген міндеттер нәтижесінде Қазақстан әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 50 туристік бағыттың қатарына қосылуға тиіс.
Қалалық туризмді дамытудың негізгі орталығы болып Нұр-Сұлтан қаласы айқындалған. Бұл шаһар соңғы 20 жыл ішінде аймақтық ірі экономикалық, қаржылық, көлік және мәдени орталықтардың біріне айналды. Бас қаланың республикалық ІЖӨ-ге қосқан үлесі 10%-дан асады. Елорданың негізгі капиталына салынған инвестициялар 26 есеге артып, 9 трлн теңгені құрады.
– Нұр-Сұлтан қаласы ‒ цифрлы және зияткерлік технологияларды енгізудегі жетекші күш. Еуропаның алдыңғы қатарлы қалаларының табысты тәжірибесіне негізделген «Ақылды Астана» тұжырымдамасында білім беру, денсаулық сақтау, көлік, коммуналдық қызмет, инфрақұрылым салаларында ‒ жергілікті халықтың тұрмыс сапасына және келушілердің қаланы қабылдауына әсер ететін салаларға озық технологиялар мен жасанды зердені енгізу қарастырылған. Осы жетістіктердің нәтижесінде қала аймақтағы іскерлік және MICE-туризмінің (кездесулер, конференциялар, көрмелер және т. б.) жетекші орталығы ретінде танылуда, – деді А.Мамин.
Нұр-Сұлтан іскерлік қалаға айналды
Алқалы жиында сөз алған қала әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік бағыттан іскерлік және туризм орталығына айналғанын тілге тиек етті.
– Әлемдік деңгейдегі мұндай ірі шара Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Біз үшін бұл − үлкен мәртебе. Жалпы, елордамыздың қалыптасуы мен дамуы Елбасының есімімен тығыз байланысты. 21 жылда елорданың аумағы үш есеге ұлғайды. Халық саны кезінде 280 мың болса, қазір 1 миллионнан асып түсті. Нұр-Сұлтан жастар қаласы болып саналады. Мұнда халықтың 700 мыңға жуығы – 35 жасқа дейінгі жастар. Сонымен бірге елордамыз әкімшілік қаладан іскерлік және туризм орталығына айналып келеді, − деді А.Көлгінов. Қала басшысының айтуынша, бұл саммит елорданың ғана емес, әлем қалаларының жаһандық дамуындағы маңызды шара болмақ.
–Адамзаттың болашағы қалалармен тығыз байланысты. Жаһандану – жаппай туризмдегі кедергілерді жоюдың басты құралы. Туристерді көптеп тарту үшін қала жайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз және тұрғындардың күнделікті өмірін жайлылықпен қамтамасыз етудеміз. Еуропа қалаларының үздік тәжірибесін алдық, қауіпсіздік, логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ТКШ стандарттарына негізделген «ақылды қала» тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз, − деді әкім.
Астанасы ауысқан мемлекеттердің ішінде Қазақстанның даму жолы мен қалыптасуы әлемге үлгі. Индонезияның қазіргі астанасы Джакартадан астана мәртебесін Ява аралына ауыстыру туралы ақпарат бұған дейін шетелдік БАҚ беттерінде жарияланған еді. Саммитте Индонезияның қоғамдық жұмыстар және тұрғын үй құрылысы министрі Басуки Хадимулжоно бұл мәселеге қатысты мән-жайды кеңінен әңгімелеп берді.
–Елдің астанасын ауыстырмас бұрын барлық мәселелер жан-жақты назарға алынып, талқыланды. Оның ішінде экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени мәселелерді басшылыққа алып отырмыз. Бүгінде Джакартаның маңызы артып, қаржы орталығы, сауда-саттықтың негізгі алаңы, саяси мәселелер шешілетін басты қала болғандықтан, барлығы күрделеніп, шаһардың арқалаған жүгі ауырлады. 2016 жылғы зерттеу бойынша әлемдегі көлік кептелісі ең көп қала атанды. Бүгінде қалада 30 млн адам тұрады. Соның салдарынан қала әр жыл сайын жер астына 12 см-ге шөгіп барады. Бұған халық санының артуы, қозғалыстың қиындауы себеп болуда. Алдағы 15-20 жылдан кейін жағдайымыз мүлде қиындап, қаланың айналасы су астында қалуы ықтимал. Бұл мәліметтердің барлығы алдын ала егжей-тегжейлі тексерудің нәтижесінде анықталып отыр. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар халық санын азайту үшін, сонымен қатар қалаға түскен салмақты жеңілдету мақсатында ел астанасын ауыстырмақ, − деді индонезиялық министр. Оның айтуынша, астана ауыстыруда Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесі назарға алынбақ. Жаңа астананың «ақылды қала» болуы үшін көптеген ірі мегаполистердің даму жолын, ұстанған бағытын ескеретіндерін де айтты.
Технологиясы дамыған «ақылды қалалардың» қатарында Эстонияның Таллинн қаласы инновациялық жобаларды ерте меңгергенімен ерекшеленеді. Қала мэрі Михаил Кылварт осыдан 500 жыл бұрын Таллиннде қаланың барлық тұрғыны үшін жаңажылдық шырша орнатылған алғашқы шаһар екенін айтты.
– Осыдан жарты ғасыр бұрын сол кездегі ең биік көп қабатты ғимарат – шіркеу біздің астанамызда салынған еді. Еуропадағы жаңа жылдық сауда өнімдерінің негізгі алаңы да біздің қалада. Яғни бізде өткен мен болашақтың байланысы бар. Тарихи кезеңдердің өзі бір-бірімен байланысып жатыр. Десе де бүгінгі заманның талабы мүлдем басқа. Классикалық дамудан ажырап, технологияның жетістіктеріне жүгініп кеттік. Бұл тұрғыда да біздің шаһар өз тәжірибесімен бөлісе алады. Осы ретте, «ақылды қала» ұғымы тек технологиямен өлшенбейтінін айтқым келеді. Бұл – алдымен қала тұрғындарының жағдайын жасау, олардың ыңғайлы ортада өмір сүруіне басымдық беру. Технологиясы ең жоғары деңгейде болып, бірақ ол адамдарға жайсыз болса «ақылды қала» идеясының мақсатына жетпегені деп түсінуіміз керек, – деді М.Кылварт. Оның айтуынша, Эстония астанасының ең басты ерекшелігі оның таза ауасында, экологиялық мәселелердің дұрыс шешім тапқанында. Ол үшін қаладағы көлік кептелісі мен ауаға лас қалдықтар шығаратын автокөліктерден құтылу керек.
– Еуропада алғаш рет қоғамдық көліктерді тегін қолдану режімін енгіздік. Бұл қордаланып қалған көлік мәселесін шешуге айтарлықтай оң ықпал етті, − деді Таллинн қаласының мэрі.
VIII UNWTO жаһандық саммиті төрт күнге жалғаспақ. Жиын барысында әлем астаналары өзара үздік тәжірибелерімен алмасып, жаһандық келелі мәселелерді шешу жолдарын талқылайды.