Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналардың біріне берген сұхбатында ауыл туралы толғанып, «Egemen Qazaqstan» газетінде 10 қазан күні жарық көрген «Жусан туралы жыр» мақаласын мысалға келтірді.
«Біз урбанизацияны жасанды түрде жасап жатқанымыз жоқ. Ол халықтың өзінің қолға алысы, оған кедергі болу қиын. Дүниежүзілік тәжірибеге келетін болсақ, алып мемлекет Американың ауыл шаруашылығында істеп, ауыл шаруашылық өнімдерін шығаратын халқының ауқымы 5 процент. Бізде 43% ауылда тұрады дейміз, бірақ солардың 20% ғана ауыл шаруашылығында жұмыс істейді, қалғаны келіп-кетіп қаланың төңірегінде тұратындар. Германияға барсақ та, Канадаға барсақ та 5-7% халқы ауыл шаруашылығымен айналысады. Біз ауыл шаруашылығына көп көңіл бөліп келе жатырмыз», деді Елбасы.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев жас мамандарға қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
«Ауыл шаруашылығында істеп жүрген азаматтар мамандарға жағдай жасап, жастарды сол жерге баулуы керек. Кейбіреулер қалада, кейбіреулер ауылда тұрғысы келеді. Біз ауылдан шыққан балалармыз, аңсаймыз ғой ауылды. «Egemen Qazaqstan» газетінде жусан туралы үлкен мақала шығыпты. Жусанның иісі адамның денесін сергітеді депті. Шынында да, ауылға барсаң бір түп жусанды жұлып аласың да иіскейсің. Иісі аңқып тұрады. Ауыл деген - бәріміздің бесігіміз. Ауылға деген қамқоршылықты мемлекет әр уақытта алдында ұстауы керек, қарап отыруы керек, жағдай жасауы керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев «Хабар» арнасына берген сұхбатында.