• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қазан, 2019

Көктөбеге Назарбаев қызғалдақтары мен Сиверс алмасы отырғызылды

406 рет
көрсетілді

«Бүгін Jasyl Almaty көгалдандыру акциясы аясында Көктөбенің өрт шарпыған  бөктерінде  Сиверс алмасының көшеттері мен Қазақстан, Нұрсұлтан Назарбаев сорттарының қызғалдақтары отырғызылды», деп Алматы хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі баспасөз қызметі.   

Көгалдандыру акциясына 500-ге жуық адам қатысса, оның 200-ге жуығы студенттер болды. Барлығы 40 мың Сиверс алма ағаштары мен Қазақстан, Нұрсұлтан Назарбаев сұрыптарындағы қызғалдақтардың 500 мың данасы отырғызылды.

Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының Жасыл қорды мониторингілеу және басқару бөлімінің басшысы Олжас Жанысбаев осыған дейін Медеу шатқалының  Мохнатка тауына 50 мың Сиверс  көшеті отырғызылғаны, енді  Көктөбе тауына 35-40 мың түп Сиверс алмасы отырғызылғанын айтты. «19 қазанда «Атакентте» 3 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Одан әрі көгалдандыру жалғасады, Атлетикалық ауылда 4 мыңға жуық ағаш, Саялы мөлтек ауданында 2 мың ағаш, Алатау ауданындағы «Алатау» театрының жанында 700 ағаш, Зерделі және Жас қанат ықшам аудандарында тиісінше 700 және 3500 ағаш отырғызылады», - дейді О. Жанысбаев.

 Қалалық жасыл экономика басқармасы мамандарының айтуынша, көшеттерді отырғызу жұмысы арнайы алаңдарда жүзеге асырылып, әр көшет бір-бірінен төрт метр қашықтықта орналастырылды. Алаңдар таудың етегінде каскад бойынша орналасқан.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың ұйытқы болуымен қолға алынған Jasyl Almaty көгалдандыру акциясының маңыздылығына тоқталды. «Акция басталғаннан бері ондаған мың ағаштың көшеттері отырғызылды. Бұл – қаланың жасыл қоры толығып, экологиялық жағдайы жақсарып, ауасы да біршама тазара түседі деген сөз», - деді Е. Бабақұмаров.

Сонымен қатар Алматыны 2030 жылға дейін көгалдандыру үшін қалада жаңа саябақтар мен алаңдар ашылмақ.

Көктөбе тауының баурайы тамыз айында болған өрттен зардап шеккен еді. Бүгінгі акцияның арқасында ботаник Сиверстің құрметіне аталған жабайы алманың популяциясы қалпына келтірілмек.

Сиверс алмасы - Раушангүлдер тұқымдасына жататын, саны қысқарып бара жатқан түр. Қазақстанның оңтүстігімен оңтүстік-шығысындағы тау сілемдерінде кездеседі. Қазақстаннан тыс Қытайдың батыс бөлігі мен Орта Азияның оңтүстік тауларында таралған. Жапырақты, сирек қылқан жапырақты ормандарда, тау өзені сайларында, тау баурайларында өседі. Жиі шағын , дерлік иін тірескен тұтас тоғайлар, көбіне жекелеген далалар мен жеке топтар болып кездеседі. Бағалы тағамдық ағаш, тау беткейлерін бекітуші, көптеген мәдени сорттың жабайы туысы. Жақсы бал жинаушы, тығыз өскен алма ағаштары 1 гектардан 25-40 кг бал береді.

Жалпы, үш жылға жоспарланған Jasyl Almaty жобасы аясында қала бойынша кемінде миллион ағаш отырғызу  жоспарланған.   Бұл жұмыстар ең алдымен, Алатау, Наурызбай, Жетісу, Алмалы аудандарында жүргізілмек. Мамандардың бағалауы бойынша, қазір Алматыда 2,2 миллион ағаш болса, оның 550 мыңы ауру әрі апатты жағдайда.

 Гүлбаршын  АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ

«Еqemen Qazaqstan»

 АЛМАТЫ