• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қазан, 2019

«ХАТ ҚОРЖЫН»

5988 рет
көрсетілді

...ризашылығын білдіреді

Алты редактор, жеті журналиске көше бар

Сыр елінің байырғы басылымы – «Сыр бойы» газетінің шыға бастағанына биыл 90 жыл толды. Басылымда талай аға буын өкілі басшылық жасады. Содан болар Қызылорда қаласының орталығындағы бірнеше көше әр жылдарда «Сыр бойы» басылымына басшылық жасаған редакторлардың есімімен аталады.

Газет редакторлары Ұзақ Бағаев, Зейнулла Жарқынбаев, Қалқабай Әбенов, Базарбай Сарбасов, Хамза Сыздықов, Тойбазар Елемесовтерге қаланың бір-бір көшесі берілген. Орталықтағы көшелер бойымен жүрген жас ұрпақ өкілдері оларға тағзым етіп, еске алу дәстүрі қалыптасты.

Сондай-ақ басылымда қызмет істеген журналистер Мырқы Исаев, Жақсылық Бекхожаев, Ахметжан Нұрекеев, Орман Нұрхабаев, Құрманғали Ажаров, Жақсылық Түменбаев, Қази Данабаев атындағы көшелер ескерткіш секілді елестейді. Ал қаладағы ақын Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетов, жазушы Ғабит Мүсірепов, Айтбай Хангелдин, Зейнолла Шүкіров, Сырбай Мәуленов, Сәбит Мұқанов, Нәсіреддин Серәлиев есімдерімен аталатын көшелер қала сәулетіне көрік беріп тұр десек жаңылмаймыз.

 

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

Қызылорда

 

...үлгі тұтады

 Ашық аспан астындағы кітапхана

Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі қала саябақтарында кітап көрмелері мен буккроссингтерді өткізуді тұрақты тәжірибеге енгізе бастады. Аталған кітап көрмелері негізінен туған жер мен оның тарихына қатысты тақырыптарды қамтиды. Бірден үш жерден таза ауада кітап көрмесін ұйымдастырудағы мақсат – қоғам мүшелерінің, соның ішінде балалардың кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру.

Қазіргі заманда «Буккроссинг» қозғалысы кітап пен оқырмандар арасын жақындатудың тиімді жолдарының бірі болып табылады. Бұл сөз ағылшын тілінен аударғанда «кітаптың айналыста жүруі» деген мағынаны білдіреді. «Буккроссинг – өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген кітап оқуға шақыратын қоғамдық қозғалыстардың бірі. Оған қатысушылардың саны күннен-күнге көбейіп келеді.

Қозғалысқа қатысқысы келетін кез келген қала тұрғыны өзі оқып бітірген бір кітабын қоғамдық көпшілік орындарға қойып кете алады. Кейін бұл кітапты тауып алған басқа адам оқиды. Осындай тәртіппен аталған кітапты көп оқырман оқитын болады.

Айналасынан оқшаулана түскен жас ұрпақты руханияттың сара жолына салу бәріміздің ортақ парызымыз. Сондықтан да қала тұрғындары саябақта ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалап, буккроссинг қозғалысына көбірек қатысқанын қалаймыз. Әсіресе жас буынды бүгінгі интернет заманында кітап оқуға қызықтыруда бұл тәсілдің орны айрықша деп білеміз.

 

Жарқын СЕЙТМАҒАНБЕТОВА,

Ақтөбе қалалық орталықтандырылған

кітапхана жүйесінің әдіскері

 

...ұсыныс жасайды

Ақын мүсінін көбейтіп таратсақ дейміз

Туғанына 125 жыл толған Сәкен Сейфуллиннің рухани байлы­ғы­мыз­дың «сыр сандығында» саф алтындай сақталатын құндылығын арттыра беру қасиетті парызымыз. Асқақ ақынымыздың қыруар еңбектерін зерделей қайталап оқып, жадымызда сақтап, қазақи жұрт болып ұлттық мүддемізді одан да биік шыңдарға көтеру үлкен мақсат. Осыларды айта келе, тағы бір жағдайға көңіл бөлуді орынды деп ойлаймын.

Менің кітап сөремнің үстінде С.Сейфуллинге арналып құйылған кішірек қара темір мүсін тұр. Осы мүсін кеңес заманында жақсы құйылған деуге болады. Бірақ қазір осы мүсінді еш жерден сатып алу мүмкін емес. Қайталап құйып сатуға қойылмағанға ұқсайды. Менің өзім оны антиквариат дүкенінен жылдам іздеп әрең тауып алған едім.

Айтарым Сәкен Сейфуллинге арналған осы мүсін ұлтжанды әр қазақтың үйінің төрінде тұруы абырой болады деген ойдамын. Ол үшін осы мүсінді нұсқа ретінде пайдаланып, қайтадан құйып, кең тарату керек. Ұсыныс ретінде, келесі құйылатын мүсіннің нұсқасы ақсұр металдан болса өте тартымды болар еді. Осы ұсыныс жүзеге асатын болса, ардақты ақынымыз Сәкен Сейфуллинге көрсеткен құрметіміздің тағы бір елеулі белгісі болар еді.

 

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,

заңгер

Нұр-Сұлтан

 

...өкініш білдіреді

Қаншама сауапты іс істеген болар еді!..

Қызмет орнымызға әжептәуір бір кісі келді, жасы 75-ке келіп қалған. Көкшетаудағы бір көшенің қазаққа жат әлдекімнің атында екеніне қынжылып мақала жазыпты. Өзі гемотолог-дәрігер, әйелі невропатолог, жеке клиникасы бар екен. Қан аурулары мен неврологиялық ауруларға шалдыққан науқастар Қазақстанның түкпір-түкпірінен барып емделетін көрінеді. Айтуынша, емдеу әдістері ерекше. Бірақ не шәкірті жоқ, жасы болса келіп қалған. Демек, бар білімі, қатерлі ауруларды емдеу тәсілінің қыр-сыры өздерімен кетеді деген сөз. «Көшенің атын әркім де айтып жатқан шығар. Одан да неге осы өз салаңыз бойынша бірдеңе айтып, жазып, әдіс-тәсілдеріңізді таратпайсыз?» десем, «Ол менің ашқан жаңалығым, оның қыр-сырын ешкімге айтпаймын. Талай адам білмек болған. Білсе, өз атынан жариялап жібереді» дейді. «Шынымен де керемет әдіс, тың тәсіл болса неге патент алмадыңыз? Жаңалығыңызды өз атыңыздан тіркетіп, сосын оның игілігін бүкіл ел көрсе, ең абзалы сол емес пе еді?..» деймін. «Оны да көрдім кезінде. Ешкім жолатпады, ешкімге керек емес. Ал қазір жасым келіп қалды, маған ондай әуренің керегі жоқ» дейді... Өзі алдында әлемнің қанша елінде қанша уақыт демалғанын, қайда қыдырғанын, балаларының шетелде білім алғанын, біразы қазір сонда тұрып жатқанын айтқан. «Сіз мұны емес, «мынандай керемет жаңалық аштым, ол қазір әлемде, елімізде жаппай қолданысқа еніп, мұншама нәтиже берді, мынандай-мынандай орталықтар ашылды, бұл тәсілді мұншама маман игерді» деп мақтансаңыз, әлдеқайда орынды болар еді...» дедім. Адамның көңіліне қарамайын демейсің, бірақ сөзіне қарасаң, күйіп кетесің... Мысалы, осы кісі өз кәсібіне байланысты қажымай-талмай ізденсе, айтатынын айтып, жазатынын жазып, білгенін үйретсе және оны қызғанбаса, қаншама сауапты іс істеген болар еді!..

 Роза ҚАРАЕВА