• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қазан, 2019

Қытайда қымыз бен шұбатқа сұраныс жоғары

314 рет
көрсетілді

Бұл туралы кеше елордада өткен «Стандарттау және экспорт: Қытай нарығына шығу» форумында айтылды. Көршілес мемлекетте Ойсылқара мен Қамбар ата төлінің өніміне қызығушылық артып келеді. Алайда ұлттық сусынымызды Қытай нарығына өткізу оңай болмай тұр. Себебі бұл елде сүт өнімдерінің ұлттық стандарты енгізілген. Көрші елдің нарығын жаулау үшін отандық өндірушілерге сол талапқа бейімделуге тура келеді.

Бұл әсіресе құрғақ қымыз сусынына қатысты. Өйткені аталған өнім алып мемле­кетте кеңінен таралмаған. Десе де қытай­лық­тар­дың қы­мызға сұранысы жоғары дейді қазақстандық сарапшы­лар.

– Құрғатылған қымыз та­сы­мал­дауға және ұзақ уақыт сақ­тауға өте ыңғайлы. Оған қытайлықтар үлкен қы­зы­­ғу­шылық танытып отыр. Алайда Қытайда қы­мыз­ға байланысты бірде-бір стан­дарт жоқ. Неге десеңіз, көрші елдің нарығында ұлт­тық өніміміз әлі кең тарала қойған жоқ. Олар сүт өнімдерін көп пайдалана бермейді екен. Әйтсе де сұраныс жоғары. Сол себепті өзіміздің ұлттық стан­дар­­тымызды Қытайдың тәртібіне негіз­деп, ұсындық. Біздің ұсынысымыз сол елдің Денсаулық сақтау министрлігінде қаралып, тексерілетін болады. Шілде айын­да Қытайдың кеден басқармасы өкіл­де­рімен кездес­тік. Біздің стандарттың өз ерек­шелік­те­рі бар. Мәселен, оның мазмұны Кеден ода­ғының техникалық рег­ла­менті­мен тығыз байланысты. Сондықтан қытайлық тарап азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты қосымша талапқа сұрау салдырды. Сол себепті біз Кеден одағының барлық техникалық регламент­терін қытай тіліне аудардық. Екі құжат тамақ өндірісі қауіпсіздігі және тағы біреуі сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы болатын. Сол секілді 20 қазақстандық стандарт осы тізімге қосылды, – дейді Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты бас директорының орынбасары Еркежан Әмірханова.

Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология коми­теті төрағасының орынбасары Серік Құсайы­нов­тың айтуынша, көршілес елдің нарығына өту біз ойлағандай оңай емес. Қытайда импорт тауарларына қойылатын талап қатаң дейді ол.

– Олар сырттан келетін тауарға сын көз­бен қарайды. Бұл ретте қазақстандық өн­діру­шілер тауарын өткізетін елдің заң­на­­ма­сына бейімделе білуі қажет. Оның ішінде кеден ережелері, сертификаттау мен стандарттауға байланысты мәселелер бар. Қытайлықтардың талаптары өте қиын. Бюрократиялық кедергілер аз емес. Қазір қазақстандық омарташылар бал өнімін ҚХР-ға тасымалдауды жолға қойған. Сондай-ақ Қытайда отандық ұн өнімдеріне сұраныс жақсы. Олардың сұранысына сай болу үшін тиісті стандарттарды зерттеп жатырмыз. Жалпы алғанда, экспорттық әлеуетімізді арттыру мақсатында 5 мемлекеттің нарығына шығу көзделген. Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорт пен импорт мәселесіне келсек, ұпайымыз бірдей емес. Атап айтқанда, біз көршілес елден көбінесе дайын өнім импорттаймыз. Ал Қазақстаннан негізінен шикізат тасымалданады, – деді С.Құсайынов.